"Супермакарон" жобасына бөлінген миллиард теңгеге қатысты іс: алматылық әйелдің мүлкіне тыйым салынды
Сурет: ЖИ көмегімен жасалған
2026 жылғы 12 қарашада Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) 2023-2024 жылдары "Bal halal" ЖШС-не өсімдік шикізаты мен микроэлементтермен байытылған ұннан инновациялық макарон өнімдерін өндіруге арналған төрт жоба бойынша 1,15 млрд теңге бөлінгенін хабарлады.
"Бөлінген қаражат жабдық сатып алуға, өндірістік үй-жайларды дайындауға, шикізат пен қосалқы бөлшектер алуға, монтаждау және жөндеу жұмыстарын жүргізуге, сондай-ақ дайын өнім шығаруды ұйымдастыруға арналды. Тергеу эксперименттері барысында сатып алынған жабдық жобаларда көзделген өнімді өндіруге мүмкіндік бермейтіні анықталды", – деп хабарлады ҚМА.
Тергеу мәліметінше, қаражатты шығару үшін үлестес тұлғалардың атына тіркелген "SMART 15" ЖШС пайдаланылған. Жабдық пен басқа да қызметтерге ақы төлеу деген желеумен компанияның шоттарына 736,4 млн теңге аударылған.
"Сонымен қатар, схемаға басқа да кәсіпкерлік субъектілері, соның ішінде "Фабрика рекламы Шымкент" ЖШС, "Jana tan" ЖШС және "Sisters Brand KZ" ЖК қатысқан. Бұл ретте жобалардың іске асырылуын бақылау тек формалды түрде жүргізілген. Мониторинг актілері өндіріс орындарына нақты бармай және орындалған жұмыстарды тексермей жасалған. Құжаттарды "Bal halal" ЖШС қызметкерлері әзірлеп, мониторинг топтарының мүшелері қол қойған. Осылайша, мемлекеттік қаражаттың мақсатты пайдаланылуын тиісті бақылау жүргізілгендей көрініс қалыптастырылған", – делінген ҚМА хабарламасында.
Тергеу дерегінше, ақшаны қолма-қол ақшаға айналдырғаннан кейін күдікті оны заңдастыру мақсатында "Bal halal" ЖШС-нің банк шоттарына 88,5 млн теңгені қолма-қол салған. Бұл қаражат жобаларды бірлесіп қаржыландыруға арналған өз қаражаты ретінде көрсетілген.
Мемлекетке келтірілген жалпы шығын 945 млн теңгені құрады.
Күдікті қамауға алынды.
Сот санкциясымен құны 830 млн теңге болатын мүлкіне тыйым салынды. Оның ішінде бес жер учаскесі, төрт автокөлік, Астанадағы пәтер, коммерциялық нысан және зергерлік бұйымдар бар.
Айта кетейік, бұған дейін Атырауда "ҚазАвтоЖол" АҚ еншілес компаниясынан 35 млн теңге ұрлаған әйел сотталған болатын.