Әділет министрлігіндегі миллиардтаған жымқыру ісі: басты күдікті елге қайтарылды
Фото: pexels
Бұл туралы 2026 жылғы 24 шілдеде Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) мәлімдеді.
Тергеу мәліметінше, сот сараптамасы органдарын қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етуге республикалық бюджеттен 10 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген.
Күдікті Сот сараптамасы орталығының бұрынғы директорымен, мемлекеттік сатып алу департаментінің басшысымен және екі компанияның өкілдерімен бірлесіп бюджет қаражатын жымқыру схемасын ұйымдастырған.
Тергеу барысында жабдықтардың құны қолдан үш есеге дейін қымбаттатылғаны, ал мемлекеттік сатып алуды рәсімдеу кезінде жалған коммерциялық ұсыныстар пайдаланылғаны анықталды.
Мемлекетке келтірілген жалпы шығын 2,5 млрд теңгені құрады.
Бұған дейін сот аталған іс бойынша өзге айыпталушыларды кінәлі деп танып, оларды мүлкі тәркілене отырып, 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырған болатын.
ҚМА мәліметінше, қылмыстық схеманы ұйымдастырушы 2025 жылдың наурыз айында халықаралық іздеуге жарияланған. Ал 2026 жылдың басында ол Вьетнам аумағында ұсталды.
ҚМА, Интерпол және Сыртқы істер министрлігінің бірлескен жұмысының нәтижесінде күдікті Қазақстанға экстрадицияланды.
"Қылмыстық іс сотқа жолданды", – деп хабарлады ҚМА-ның баспасөз қызметі.
Еске салайық, 2026 жылғы 21 шілдеде ҚМА Қостанай облысында өзен құмын заңсыз өндіру фактісі бойынша тергеу аяқталғанын хабарлаған болатын. Тергеу нұсқасына сәйкес, заңсыз әрекет салдарынан Тобыл өзенінің арнасы өзгеріп, қоршаған ортаға айтарлықтай залал келген.