2040 жылға қарай әлем экономикасы қалай өзгереді және Қазақстан қандай орынға ие болады
Фото: pixabay
Канадалық Visual Capitalist онлайн-талдау платформасының сарапшылары Ұлыбританияның тәуелсіз консалтингтік компаниясы – Экономика және бизнес зерттеулері орталығының (CEBR) деректері мен есептеулеріне сүйеніп, кешенді зерттеу жүргізген. Соның негізінде 2040 жылға қарай әлем экономикасының қандай болатыны туралы болжам жасаған.
Зерттеу нәтижелеріне сәйкес, 2040 жылға қарай әлем экономикасының жалпы көлемі шамамен 83%-ға өсіп, 124 трлн доллардан 227 трлн долларға жетеді.
Әлемдік көшбасшылар қатарында кімдер болады
Visual Capitalist сарапшыларының пікірінше, алдағы 13–14 жылдан кейін де Америка Құрама Штаттары әлем экономикасының негізгі қозғаушы күші болып қала береді. Болжам бойынша, АҚШ-тың номиналды ЖІӨ көлемі 52 трлн 885 млрд долларға жетеді.
Дегенмен АҚШ-тың көшбасшылық басымдығы қазіргідей айқын болмауы мүмкін. Өйткені осы көрсеткіш бойынша әлемде екінші орында тұрған Қытай 2040 жылға қарай АҚШ-пен арадағы айырманы шамамен 5 трлн долларға дейін қысқартады. Қытайдың номиналды ЖІӨ көлемі 47 трлн 877 млрд долларға жетеді деп болжанып отыр.
Осылайша, екі елдің жиынтық үлесі әлем экономикасы көлемінің жартысына жуығын құрайды.
Сондай-ақ 2040 жылға қарай экономикасы ең ірі он елдің қатарына мыналар енуі мүмкін:
- Үндістан – 14,092 трлн доллар;
- Германия – 7,783 трлн доллар;
- Ұлыбритания – 6,784 трлн доллар;
- Жапония – 5,922 трлн доллар;
- Франция – 5,203 трлн доллар;
- Индонезия – 4,182 трлн доллар;
- Бразилия – 3,943 трлн доллар;
- Канада – 3,818 трлн доллар.
Қазақстанға қатысты болжам
Болжамға сәйкес, 2040 жылға қарай Қазақстанның номиналды ЖІӨ көлемі 650 млрд долларға жетуі мүмкін. Бұл елімізге осы көрсеткіш бойынша ТМД елдері арасындағы жетекші орнын сақтап, әлемдік рейтингте 46-орынға орналасуға мүмкіндік береді.
2040 жылға қарай Қазақстан номиналды ЖІӨ көлемі бойынша ТМД елдерінің ішінде Ресейден ғана кейін тұрады деп болжануда. Ресей 3,247 трлн доллар көрсеткішімен әлемде 16-орынға орналасуы мүмкін. Ал Қазақстан Өзбекстаннан (342 млрд доллар), Әзербайжаннан (152 млрд), Беларусьтен (113 млрд), Армениядан (69 млрд), Қырғызстаннан (54 млрд) және Тәжікстаннан (39 млрд) алда болады.
Сондай-ақ экономиканың осындай өсімі Қазақстанға 2040 жылы номиналды ЖІӨ көлемі бойынша Еуропаның бірқатар елін басып озуға мүмкіндік береді. Олардың қатарында Чехия (630 млрд доллар), Португалия (588 млрд), Финляндия (516 млрд), Венгрия (413 млрд), Словакия (289 млрд), Болгария (221 млрд), Сербия (213 млрд), Литва (193 млрд), Люксембург (179 млрд), Латвия (103 млрд) және Эстония (92 млрд) бар.
Рейтингтің соңында қай елдер болуы мүмкін
Болжам бойынша, 2040 жылы номиналды ЖІӨ көлемі жөніндегі әлемдік рейтингтің соңғы, 190-орнына Тувалу орналасуы мүмкін. Бұл елдің көрсеткіші 100 млн доллар болады деп күтілуде.
Осы кезеңде мына елдердің экономика көлемі Тувалудан сәл жоғары болады деп болжануда:
- Науру – 300 млн доллар;
- Маршалл аралдары – 600 млн доллар;
- Кирибати – 600 млн доллар;
- Палау – 700 млн доллар;
- Микронезия Федеративтік Штаттары – 800 млн доллар;
- Тонга – 900 млн доллар;
- Доминика – 1,4 млрд доллар;
- Сан-Томе және Принсипи – 1,7 млрд доллар;
- Сент-Китс және Невис – 2,2 млрд доллар.