Қазақстанда 13,5 миллион гектар жер қайта бөлінді: учаскелер кімдерге берілді
Фото: pexels
Ведомствоның дерегінше, 2026 жылдың басынан бері министрліктің Жер ресурстарын басқару комитетінің аумақтық бөлімшелері мыңнан астам жоспардан тыс тексеру жүргізген. Тексерулер 1 миллион гектардан астам аумақты қамтыды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 1,3 миллион гектар ауыл шаруашылығы жері мемлекетке қайтарылды.
Қайтарылған жер учаскелерін ауыл шаруашылығы айналымына енгізу жоспарланып отыр.
"Бұл жерлер, атап айтқанда, ауыл тұрғындарын жайылыммен қамтамасыз ету және ауыл шаруашылығы өндірісін дамыту үшін қайта бөлінеді", – деп хабарлады ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.
2026 жылғы қыркүйектің басындағы мәлімет бойынша, елде барлығы 13,5 миллион гектар жер қайта бөлінген.
Оның 5,5 миллион гектары мал жаюға және жайылым тапшылығын шешуге жергілікті тұрғындарға берілді. Тағы 8 миллион гектар жер шаруашылық жүргізу және оны кеңейту үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге конкурс негізінде ұсынылды.
Сонымен қатар жерді адал пайдаланушылардың жұмыс істеу шарттары қайта қаралып жатыр. Арнайы жұмыс тобы олардың қызметін бағалаудың бірыңғай өлшемдерін қамтитын ұсынымдар әзірледі. Сондай-ақ ведомствоаралық өзара іс-қимыл мерзімдерін ретке келтіріп, жер учаскелеріне құқықтарды ұзарту рәсімін жеңілдету жоспарланған.
Тағы бір өзгеріс ауыл шаруашылығы жерлерін бөлу тәртібіне қатысты болмақ.
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап жер учаскелерін алуға арналған конкурстар цифрлық платформа арқылы электрондық форматта өткізіледі.
Бұған дейін, 2026 жылғы 9 қарашада Қостанай облысы Қарасу ауданының прокуратурасы ұзақ уақыт бойы мақсатына сай пайдаланылмаған ауыл шаруашылығы жерлерін анықтағанын жазған едік.