Жаңа ережелер, сөздіктер мен цифрлық платформа: қазақ тілінде қандай өзгерістер болады

Жаңа ережелер, сөздіктер мен цифрлық платформа: қазақ тілінде қандай өзгерістер болады?, сурет - Zakon.kz жаңалық 18.11.2026 11:43 Сурет: Ақорда
Вице-президент тілдік нормаларды жетілдіру, сөздіктер мен анықтамалықтар әзірлеу мәселелері бойынша кәсіби қоғамдастық өкілдерімен кездесу өткізді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл туралы 2026 жылғы 17 қарашада Ақорда баспасөз қызметі хабарлады. Жиынға Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының академиктері, тіл білімі саласындағы белгілі ғалымдар, сала мамандары, Құрылтай депутаттары, Үкімет мүшелері және Қазақстан Халық Кеңесінің өкілдері қатысты.

"Жақында өткен "Қазақ тілі" қоғамының құрылтайында Президент қазақ тілінің емле ережелерін жүйелеу, сөздіктерді жаңарту, қолданылатын сөздер мен ұғымдардың бірізділігін қамтамасыз ету, сөздіктерді цифрлық форматқа көшіру сияқты маңызды мәселелерге назар аударды. Бұл стратегиялық бастама қоғам тарапынан кең қолдау тапты. Соның негізінде отандық ғалымдар мен сала мамандары ұлттық ауқымдағы ауқымды жобаға кіріспек. Оларға маңызды тарихи миссия жүктеліп отыр", – деп атап өтті Ерлан Қарин.

Вице-президенттің айтуынша, бұл бастама қазақ тілінің қазіргі қолданысын реттеп қана қоймай, оның болашақтағы дамуына да берік негіз қалайды.

"Ғалымдар мен сарапшылардың алдында тұрған басты міндет – қазақ тілінің нормативтік базасын жүйелеу, оның тұрақты дамуын қамтамасыз ететін жаңа ғылыми, ұйымдастырушылық және технологиялық инфрақұрылым қалыптастыру. Бұл қадам қазақ тілін одан әрі жетілдіруге ықпал етеді. Сондықтан бұл жұмыспен ең алдымен ғалымдар мен мамандар айналысуы керек", – деді Ерлан Қарин.

Жалпы жоба аясында тіл нормалары мен ережелеріне қатысты алты анықтамалық әзірлеу және 19 негізгі сөздік шығару жоспарланып отыр. Олардың қатарында орфографиялық, орфоэпиялық, түсіндірме, грамматикалық, этимологиялық және терминологиялық сөздіктер бар.

Бұдан бөлек, тоғыз академиялық аударма сөздігі дайындалады. Осының барлығы "Қазақ тілінің әмбебап сөздігі" ұлттық цифрлық платформасында қолжетімді болады.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстан Президенті кәсіпкерлерге арналған жаңа мемлекеттік наградаларды тағайындағаны белгілі болған еді.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: