БҚО-да 50-ге жуық заңсыз қоқыс орны анықталды
Сурет: ЖИ көмегімен жасалған
Нәтижесінде 50-ге жуық заңсыз қоқыс орны анықталды. Оның 36-сы бойынша тазалық жұмыстарын ұйымдастыру үшін жергілікті атқарушы органдарға ұсыныс хаттар жолданған. Жұмысқа арнайы техника тартылып, қалған аумақтарды полицейлер өз күштерімен тазартты.
Әсіресе "Орал – Саратов" автожолы бойындағы сай-салаларға ерекше назар аударылды. Арнайы полигон болғанына қарамастан, оған жетпей-ақ қоқыс үйінділері анықталған. Бұл аумақта алты заңсыз қоқыс орны тіркелді. Олардың арасында құрылыс материалдары, қаңылтыр, көлік бөлшектері мен трактор шиналары бар.
Бұдан бөлек, Меловые горки ауданында тағы бес қоқыс тастайтын орын табылды. "Орал – Тасқала" автожолы бойындағы орман алқаптарында да бес заңсыз қоқыс орны анықталған. Онда тұрмыстық және құрылыс қалдықтары, қоршауға арналған материалдар болған.
Рейдтер ағаштар мен бұталардың арасында, терең сайларда және жолаушылар мен жүргізушілерге көрінбейтін жерлерде жасырылған қоқыс орындарын анықтауға мүмкіндік береді.
"Бұл – қоршаған ортаны қорғау бағытындағы бірлескен жұмыстың нақты нәтижесі. Полиция қызметкерлері қалдықтарды заңсыз төгетін орындарды анықтап, оларды жою шараларын ұйымдастыруға қажетті жұмыстар жүргізді. Ал әкімдіктер арнайы техниканы тарта отырып, аумақтарды тазартуды қамтамасыз етті. Осылайша, ластанған жерлерді анықтаудан бастап тазартуға дейінгі жұмыс жүйелі түрде атқарылды", – деді БҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Марат Мулдашев.
Тазалықты сақтау тек рейдтерге ғана емес, әр тұрғынның табиғатқа жауапкершілікпен қарауына да байланысты. Полигондар болғанына қарамастан, кейбір азаматтар қоқысты сай-салаларға, ормандарға және жол бойына тастап кетеді. Бұл қоршаған ортаны ластайды.
"Облыс тұрғындарын тұрмыстық, құрылыс және басқа да қалдықтарды белгіленбеген жерлерге тастамай, арнайы полигондарға жеткізуге шақырамыз. Туған өлкеміздің тазалығы әрқайсымыздың жауапкершілігімізге байланысты", – деп атап өтті Орал қалалық Полиция басқармасы табиғат қорғау полициясы тобының аға инспекторы Азамат Әбілов.
Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.
