Қазақстандықтар 2026 жылы қандай мақсатта несие алуда – Ұлттық банк

Кредит, кредитование, займ, долг, долги, кредиты, займы, сурет - Zakon.kz жаңалық 20.11.2026 16:56 Фото: freepik
Еліміздің банктері халыққа 14 трлн теңгеге жуық несие берген. Қандай қарыз түрлері сұранысқа ие және олардың пайыздық мөлшерлемесі қанша? Бұл сұрақтарды Zakon.kz зерделеп көрді.

Несиенің төрттен үш бөлігі күнделікті қажеттілікке жұмсалады

ҚР Ұлттық банкінің статистикасына сәйкес, жыл басынан бері қазақстандықтар жалпы сомасы 13,98 трлн теңге болатын банк несиесін алған. Орта есеппен ай сайын 1,55 трлн теңгеге жуық несие берілген.

Несие берудің басым бөлігі, яғни 10,19 трлн теңгесі немесе 72,9%-ы тұтынушылық мақсаттарға бағытталған. Ал жылжымайтын мүлікті салуға, қайта жаңартуға және сатып алуға 2,14 трлн теңге (15,3%), автокөлік алуға 1,4 трлн теңге (10%) берілген. Қалған бағыттардың үлесі жалпы көлемнің 2%-ынан аз.

Тоғыз айда тұтынушылық несие алудың негізгі түрі кепілсіз қарыздар болды. Яғни мұндай несиені рәсімдеу үшін банкке мүлікті кепілге қою талап етілмейді. 10,19 трлн теңгенің 95,4%-ы немесе 9,71 трлн теңгесі кепілсіз несиеге тиесілі. Ал кепілмен берілген несиелердің көлемі шамамен 473 млрд теңгені құрады.

Басқаша айтқанда, кепілсіз несиелердің көлемі кепілмен берілетін қарыздардан 20 еседен астам жоғары.

Сондай-ақ пайызсыз несиелерге, яғни негізінен бөліп төлеу қызметіне назар аударуға болады. 2026 жылдың тоғыз айында мұндай несиелердің көлемі 2,6 трлн теңгеге жеткен. Бұл кепілсіз тұтынушылық несиелердің 26,8%-ын, ал жалпы тұтынушылық несиелердің 25,5%-ын құрайды.

Пәтер ме, әлде көлік пе?

Ірі сатып алуларға арналған несиелер арасында жылжымайтын мүлік бірінші орында тұр. Қаңтар-қыркүйек аралығында екінші деңгейлі банктер (ЕДБ) осы мақсатқа 2,14 трлн теңге бөлген. Ал автокөлік сатып алуға берілген несие көлемі 1,4 трлн теңге болды. Айырмашылық шамамен 739 млрд теңгені құрайды.

Ақшалай есептегенде, жылжымайтын мүлікке берілген несие көлемі автонесиеден шамамен 1,5 есе көп.

Мысал ретінде қыркүйек айының статистикасын келтіруге болады. Банктер жылжымайтын мүлікке 248,2 млрд теңге, ал автокөлік сатып алуға 159,5 млрд теңге несие берген. Бұл ретте өзге мақсаттарға арналған тұтынушылық несиелердің көлемі 1,14 трлн теңгеге жеткен.

Айта кетейік, Ұлттық банк жылжымайтын мүлік санатына тек баспана сатып алуды ғана емес, сонымен қатар құрылыс жүргізу мен нысандарды қайта жаңартуды да қосады.

Ыңғайлылықтың да өз құны бар

Несие құны оның мақсатына қарай айтарлықтай өзгереді. Реттеуші органның мәліметінше, халыққа теңгемен берілген несиелердің орташа алынған мөлшерлемесі жылдық 20,6%-ды құрайды.

  • Ең төмен пайыздық мөлшерлеме құрылыс жүргізуге, жылжымайтын мүлікті қайта жаңартуға және сатып алуға берілген несиелерде тіркелген. Олардың орташа алынған мөлшерлемесі – жылдық 11,2%.
  • Автонесиелер айтарлықтай қымбатқа түскен. Олардың орташа мөлшерлемесі жылдық 24,6%-ды құрады. Ал өзге тұтынушылық несиелер бойынша бұл көрсеткіш 21,9%-ға жеткен.
  • Кепілсіз тұтынушылық несиелердің пайыздық мөлшерлемесі ерекше жоғары. Қыркүйек айында олардың орташа алынған мөлшерлемесі жылдық 37,1%-ды құрады.

Несие нарығының үштен бірі Алматыға тиесілі

Өңірлік статистика Қазақстандағы банк несиелерінің басым бөлігі ірі қалаларда шоғырланғанын көрсетеді.

2026 жылдың тоғыз айында Алматы тұрғындарына шамамен 4,48 трлн теңге несие берілген. Бұл республика бойынша берілген барлық несиенің 32%-ына жуық. Астанада несие көлемі 1,77 трлн теңгені, ал Шымкентте 1,07 трлн теңгені құрады.

Осылайша, еліміздің үш ірі қаласына жалпы несие көлемінің 52,4%-ы немесе 7,32 трлн теңгесі тиесілі.

Облыстар арасында Қарағанды облысында шамамен 648 млрд теңге, Жетісу облысында 582 млрд теңге, ал Ақтөбе облысында 520 млрд теңге несие берілген.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: