2026 жылы қазақстандықтар ең көп қандай құжат рәсімдеді?
Фото: gov4c.kz
Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында 1,5 миллионнан астам қазақстандық жеке куәлік пен паспорт алған.
Құжаттардың ең көп тіркелген уақыты маусым айы. Ал тамызда 269 мыңнан астам құжат берілген.
Осы тұста Халыққа қызмет көрсету орталығында (ХҚКО) мамандары азаматтарға паспорт пен жеке куәлікті рәсімдеуге қалай дайындалу керектігін түсіндіріп, қызметті артық қиындықсыз әрі жылдам алу жолдарын айтып берді.
Паспорт алу
Паспортты тіркелген мекенжайға қарамастан кез келген ХҚКО-да рәсімдеуге болады. Қызмет эксаумақтық қағидат бойынша көрсетіледі.
Паспортты алғаш рет алу үшін жеке куәлікті көрсету жеткілікті. Егер паспорттың қолданылу мерзімі аяқталуға жақын болса, оны алдын ала ауыстырған жөн. Бұл ретте паспортты уақытында ауыстырмағаны немесе мерзімі өтіп кеткені үшін айыппұл салынбайды.
Қызметті ХҚКО операторы арқылы немесе құжаттандыру терминалының көмегімен рәсімдеуге болады.
Кәмелетке толған азаматтар паспортты 36 немесе 48 бетке рәсімдеуді таңдай алады.
36 беттік паспорттың мемлекеттік бажы 34 600 теңге, ал 48 беттік паспорт үшін 51 900 теңге төленеді.
16 жасқа дейінгі балалар үшін 24 беттік паспорт рәсімдеуге болады. Оның құны – 17 300 теңге.
Құжат 15 жұмыс күні ішінде дайын болады. Егер қажет болған жағдайда паспортты жедел рәсімдеу қызметін пайдалануға болады.
Астана, Алматы, Шымкент және Ақтөбе қалаларында паспортты жедел рәсімдеудің үш санаты бар:1 күнде, 3 күнде немесе 7 жұмыс күнінде. Облыс орталықтарында жедел рәсімдеу мерзімі 3 жұмыс күнін, ал аудандар мен облыстық маңызы бар қалаларда 7 жұмыс күнін құрайды. Өтініш берілген күн мемлекеттік қызмет көрсету мерзіміне кірмейді.
Паспортты жедел рәсімдеу қызметі қолданыстағы тарифтерге сәйкес қосымша ақы төлеу арқылы көрсетіледі.
Ал балаға паспорт рәсімдеу үшін оның туу туралы куәлігі, ата-анасының бірінің жеке куәлігі және мемлекеттік баждың төленгенін растайтын құжат қажет. Баланың паспортын рәсімдеуге өтініш берген кезде ата-анасының бірінің қатысуы міндетті.
Жеке куәлік алу
Қазақстан азаматының жеке куәлігі 16 жасқа толғаннан кейін рәсімделеді.
Жеке куәлікті алғаш рет алған кезде және оның қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін ауыстырған жағдайда мемлекеттік баж төлеудің қажеті жоқ.
Егер құжат жоғалған болса, мемлекеттік баж мөлшері 865 теңгені құрайды.
Қажет болған жағдайда жеке куәлікті де жедел тәртіппен рәсімдеуге болады. Бұл үшін қолданыстағы жедел рәсімдеу санаттарының бірін таңдау қажет.
Бұған дейін корпорация мамандары қазақстандықтарға гаражды меншікке қалай дұрыс рәсімдеу керектігін түсіндірген болатын.