Қостанай облысында 45 студент сабаққа бармай-ақ колледж тізімінде жүрген
Фото: akorda.kz
Тексеру кезінде сабаққа мүлде қатыспайтын 45 студенттің оқу орнында тіркеуде тұрғаны белгілі болды. Бұған қоса, колледж директоры қызметінен босатылып, жеті оқытушы қатаң тәртіптік жазаға тартылды.
Қарабалық ауданының прокуратурасы колледждегі оқу процесін ұйымдастыру, мемлекеттік мүлікті басқару және студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жағдайын тексерген.
Нәтижесінде 45 студенттің сабаққа іс жүзінде қатыспағанына қарамастан, білім алушылар қатарында есепте тұрғаны анықталды. Соның салдарынан бюджет қаражаты негізсіз жұмсалған.
Тексеру барысында тағы бірқатар кемшілікке назар аударылған. Атап айтқанда, колледж бес жыл бойы қалдық құны нөлге тең көлік құралдарын есептен шығармаған. Сондай-ақ 65 студент тұратын жатақхананың техникалық жағдайынан олқылықтар табылған.
Прокуратураның ықпал ету шараларынан кейін 45 студент оқудан шығарылды. Жеті оқытушы қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылып, колледж директоры қызметінен босатылды.
Қазір негізгі құралдарды есептен шығару рәсімі басталған. Жатақхананы жөндеуге арналған жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.
Прокуратура білім беру саласындағы заңдылықты қамтамасыз ету және бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына жол бермеу жұмыстарын жалғастыратынын мәлімдеді.