Қызылордада теріс ағымдарды әшкерелеген «Заман-ай» драмасы қойылды
Қызылорда облыстық Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрының репертуары тағы да бір жаңа спектакльмен толықты. Театр сахнасында М.Серікбаевтың «Заман-ай» драмасы қойылды, - деп хабарлады ҚазАқпарат.
Спектакльде негізінен қазіргі қоғамдағы теріс ағымдар жайлы айтылады. Бір-ақ сәтте өзі тәрбиелеп өсірген азаматының басқа діннің жетегінде кетіп, олардан теріс айналуы спектакльде баяндалады.
Бүгінде, асыл дінімізбен мүлдем жанаспайтын жат ағымдар жетегінде кеткен қаншама қандастарымыз өз жақындарынан, достарынан теріс айналып жатқаны мәлім. Пьеса еліміздің жарқын болашағын қалаушы - жас ұрпақтарымыздың санасын улап жатқан жат ағымдардың мән-мағынасын, әсер ету жолдары мен тигізер зияндарын ашып көрсетіп, оларға қысқаша тоқталуды мақсат еткен.
Спектакльдің басты тақырыбы діни ағымдар жайлы болғандықтан облысымыздың орталық мешіттерінен имамдар арнайы келіп, тамашалады.
Көрермендердің ыстық ықыласына бөленген спектакль жоғары деңгейде сахналанды. Спектакльдің режиссері Ақтөре Оразалы болса, басты рөлдерді Асқар Оразалиев, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгілерінің иегерлері Нұрлыбек Шналиев, Зәуре Көздібаева сәтті сомдап шықты.