"50 Айфон не тәйірі?". 200 млн теңгенің көлігін тіккен тойды да көргенбіз
Қымбат телефоннан "шашу" шашады! Мейрамханаға алтын жалатылған көлікпен кіреді немесе ақшадан тігілген шапан жабады құдасының иығына! Екі адамға арналған ас мәзірінің өзі 2 млн теңге тұрады! Міне, осындай аңыздар бар қазақ тойлары туралы. Әрі ол негізсіз де емес, деп хабарлайды Zakon.kz Бірінші Еуразия телеарнасына сілтеме жасап.
Атырауда бір кәсіпкер баласына арналған тойда шашуға кәмпит емес, қымбат телефон "шашқан". Шашуға арналған қымбат 50 телефонның біреуінің өзі кем дегенде 500 мың теңге тұрады.
- Иә, онысы рас. Атыраулықтар үшін бұл қалыпты жағдай. Батыстың адамдары түстік пен кешкі асқа қызыл балық пен қара икра жеп жүрген адамдар. Әр отбасында бір-бірден мұнайшы бар. Қаламызға келіп, қонақ болыңыздар!, - дейді бір Атырау тұрғыны.
Мысалы тағы бір тойда ақсақалдың иығына ақшадан тігілген шапан жапқан.
- Мұның бәрі шын ақша ма? Мұндайды бірінші рет көріп тұрмын!
Қазақ елі Шымкенттегі бай-бағланның тойын да әлі ұмыта қоймаған болар. Онда қонақтар алдына салмағы 2 тонна, биіктігі 4 метр торт келген. Оны аспаздар үш тәулік бойына дайындапты. Ал асаба жігіт ол торттың ішіне кіріп, тұруға да болатынын айтады. Енді ше? Торттың құны 179 мың доллар болса!..
Әрине, шалқып-балқып өмір сүруге ешкім тыйым сала алмайды. Мысалы, елордалық элиталы мейрамханада түскі астың орташа бағасы - 25 мың теңге. Ал демалыс, мерекелі күндері мейрмаханадағы екі адамға арналған ас мәзірінің құны 2 млн теңгеге дейін бір-ақ шарықтайды. Оны да қымбат деп жатқан ешкім жоқ. Мейрамда да, демалыс күндері де елорданың мейрамханалары тойдан бір босамайды.
- Ақшасын төлесе болды, мейрамхана қонақтар үшін бәрін істейді. Мысалы, мейрамхана ішіне лимузинмен кіру қалыпты жағдайға айналғалы қашан? Қазір көңіл-көтеретін орындар сыртқы есігін көлік кіретіндей жасауға көшкен.
Руслан Ысқақ - шоумен, асаба
- Қазір әнші-күйшілерді көп шақырмайды. Қазір қымбат шоумен іздейді. Әнді әншіге емес, күйді күйшіге емес, соның бәрін қонақтарға жасатқысы келеді. Конкурстарға қатыстыр, сыйлықтарымыз бар, соны тарат дейді. Мысалы, 200 млн теңгенің көлігін ойнатқан той болды. Сұмдық болды енді...