"Гарант-24"-ті жарнамалаған "жұлдыздар" жазаланбай жүре бермек пе
facebook.com
"Бұл, адал табыс", - деп жарнамасын Айқын Төлепберген сияқты жұлдыздар жасағасын бәрі ақшаны аямай салған.
"Гарант - 24" деген қаржы ұйымына қатысты шудың шыққанына біраз күн болды. Бүкіл ел бойынша бөлімшелерінің алдын адамдар торуылдап, салған ақшасын қайтаруды талап етуде, деп жазады желіде Жалғас Зейнолла.
- Екі жеп, биге шықпақ болғандар енді өкініп отыр. Оның жарнамасын жұлдыздар "Бұл, адал табыс", - деп жасағасын бәрі ақшаны аямай салған. Компанияның басшылары тұтқындалып, қылмыстық іс қозғалды. Алайда, бұл Қазақстан бойынша қалтасының тесігінен жел ескендердің қаржысы бүгін-ертең қайтарылады деген сөз емес. 100 мың теңге - біреудің қол сүртетін майлығы, біреудің - шайлығы, ал енді біреудің - айлығы. "Гарант-24" деп аузы-аузына жұқпай жарнамалаған жұлдыздар инстаграмдарында ағынан жарылып, кешірім сұрап жатыр. Айқын Төлепберген "Ойбай, мен білмей қалдым", - десе, ағайынды Асылхан мен Артур Төлеповтер "Біз, 13 млн салғанбыз. Өзіміз де алдандық", - деп соқты. Жұлдыздар жарнама жасады, шалыс басса да жұлдызы сөнбейді, олардың мұртын балта шаппайды. Ал алданған жұрттың ақшасын Төлепберген де Төлеповтер де төлеп бермейді, - дейді ол.
Қазаққа Қосанов сабақ болмады.
- Жуырда Қарақат Әбділдина Астанадағы тіс емханасын жарнамалаған. Онда 1,5 жасар сәбиге ересектерге арналған дәріні егіп жіберіп, нәресте комаға түскен. Әлі оянбады, ақ халаттылар үміт аз деп отыр. Тергеу барысында стоматологияның сертификатының жарамдылығы, дәрігерлердің сертификаты бәрінің мерзімі өтіп кеткені анықталды. Өзге де талаптар сақталмаған болып шықты. Сайлауда Қосановқа дауыс беріңдер деген шолақ белсенділерге жұрт легімен еріп, қолдаған. Олар да "Мәссаған, біз де алдандық", - дей салды. Bek Air-ге билік қауіпсіздік сертификатын міндеттемек болғанда Мұрат Әбенов пен Денис Кривошеев секілді белсенділер жата кеп компанияны жақтады. Хештег ойлап тауып, "Ең арзан әуе компаниясын әдейі қыспаққа алып жатыр, билет қымбаттайды", - деп дабыл қақты. Артынан, Bek Air-дің не істегенін бәріміз білеміз. Жарнама жасағандардың қылы да қисаймайды. Ақшасын қалтаға басып, кете береді, - деп қосады ол.
Аңқау елге арамза молдалар бір Қазақстанға жетеді.
- Осы ретте үгіттегені үшін жауапкершілік жүктейтін норматив керек шығар. Жалпы бірдеңеге PR жасағанда абай болу қажет. Бұл тек компанияларға ғана емес, сондай-ақ, дін, көзқарас, ұстаным, жеке адам мен шығарма, бизнес субъектілер мен азық-түлік, фармацевтикалық өнімдерге қатысты. Әйтпесе, аңқау елге арамза молдалар бір Қазақстанға жетеді. Егер ол құбылыстан зиян келіп жатса, жауапкершілік алып, жарнамалаған жандар да жазаға тартылуы тиіс, - деп аяқтайды пост авторы өз ойын.
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript