Түгі жоқ болса да көп бала туатындарды айыптайтындарға жауап. Асхаттың сұқбаты
Түгі жоғына қарамастан көп бала туа беретін әйелдерді айыптайтындарға қатысты "Асар-Үме" қайырымдылық қорының басшысы Асхат Нұрмашев өз пікірін білдірді, деп хабарлайды zakon.kz.
Ол бұл туралы Тимур Балымбетовтың "Er batyr" бағдарламасындағы сұқбатында айтты.
"..Біз, көбіне көпбалалы отбасыға үй сыйлауды жөн көреміз. 7-8-9 баласы болса, тіпті жақсы. Бірақ, біздің жағдайда, негізінен бес балалылар көп кездеседі", - деді ол.
- Қалай ойлайсыз, қайыршылық пен көпбалалылар арасында қандай байланыс бар. "Жағдайы жоқ болса, неге туады" деген қоғамда туындайтын заңды сауал бар...
- Иә, тіпті агрессивті формада айтылып жатады мұндай пікірлер. Бірақ, өз басым, оларды айыптамаймын. Неге дейсіз бе? Адамдарға көбіне мәселенің бергі жағы ғана көрінеді. Соған қарап, ой қорытып, сөз айтуға асығады бәрі. Бірақ ар жағында не болып жатқанын сіз білмейсіз ғой ол адамның. Мысалы, ауылдан келген Әсел немесе Нәзік қалаға келіп бір жігітті кездестіріп, 17-19 жасында отбасын құрады делік. 2-3 жыл өткен соң мінездері жараспай жас жұп ажырасады. Енді ол өзі ғана емес, баласымен бірге үлкен қалада пәтер жалдап тұрып жатады. Түрлі қиыншылық басынан өтеді. Осы жолы албырт сезімге бой алдырмайды, мақсатты түрде қамқор жан іздеп, күйеуге шығады. Бірақ ер адамның құмар ойынға немесе ащы суға жақындығы бары анықталады. Енді екі-үш баламен жалғыз тұра алмайтынын білетін әйел бұл жолы отбасылық өмірге көбірек шыдауға тырысады. Арасында 6-7 жыл өтті делік. Бірақ болмайтын нәрсе бәрібір болмайды. Сөйтіп 2-3 некеде болады. Әр некеден 5 баласы бар делік. Ондай 30-35-тегі Әсел мен Нәзіктің 19 жасынан түк қалмаған. Керісінше, 45 жастағы адам секілді егде көрінеді. Ерте шашы ағарған, тісі түскен, бетін әжім басқан. Өмір тауқыметі бетінде тұрады. Бірақ ол баласын тастамайды, үш күйеуінен болған баланы да өзімен бірге алып жүреді, ішкілікке салынбайды, өзгеге жүк артпайды, үн-түнсіз, бірақ жоқ жағдайда өмір сүріп жатады. Енді ол әйелге барып, қалай ауыр сөз айтасыз, ойлаңызшы? Ал балалардың не кінәсі бар? Иә, адамдардың барлығы бірдей емес. Қарым-қатынасты дұрыс құра алмайтын адамдар болады осындай. Бірақ осы үшін оларды айыптауға бола ма?..
- Ал үй сыйлаған соң олардың бұрынғы таз кепеш қалпына түсуі ықтимал ғой. Қарызданып үйреніп қалған адам ол үйді де сатып жібермесіне кім кепіл?
- Біз ол жағын жақсылап ойластырып қойғанбыз. Үйді ата-ананың емес, баланың атына жазамыз. Ондай үйді сату оңай болмайды...
- Қалай, үйлі болған соң бәрі жақсы болып кете ме?
- Әрине, барлығы бірдей жақсы болып кетеді деп айту артық шығар. Дегенмен үй деген алынбас қамал ғой. Соның әсері жақсы сезіледі. Үнемі жерге картон төсеп ұйықтап жүрген әйелдің жылап айтқаны бар: "Өз төсегінде жату деген қандай бақыт" деп. Өз үйіне перде, өз дастарқанына қасық сатып алып, мәре-сәре болдық дейді. Көрдіңіз бе, бұл да үлкен бақыт. Оның үстіне: "Әй, шулама көршілер ұрсады, әй ақырын сөйле, қожайын ренжиді" деген отбасыда бала қысылып-қымтырылып, өз-өзіне сенімсіз болып өседі. Әсіресе, мұндай ұл балаларға қиын тиеді. Ал өз үйінде балалар кеңінен тыныстап, арқаны кеңге жайып, емін-еркін жүреді. Осындай өзгерістерді біз кейін қонаққа барғанда байқап, қуанып жатамыз...