Неміс радиосы Димаш Құдайбергенге бағдарлама арнады
Неміс радиосының жүргізушісі Флориан Гроголл – өзінің Moviedance радиостанциясын екі жылдай басқарып келе жатқан кәсіби диджей. Бастапқыда оның радиосында әйгілі фильмдердің саундтректері мен би музыкасы ойнады. Дегенмен тыңдарманнан жақсы нәтиже алған Флориан радиобағдарламасын арнайы тақырыптағы сағаттармен әртараптандырды. Сондай бағдарламаның бірін ол Димаштың және оның туған елі – Қазақстанның музыкасына арнады.
Флориан Гроголл Dimashnews.com сайтына қазақстандық әншінің туындысын алғаш рет досы ұсынғанын, соның арқасында Димаштың өнерімен танысқанын айтты.
Славянский базарда Димаштың S.O.S әнімен өнер көрсеткенін көріп, оның жанды дауыста ән айтып жатқанына алғашында сене алмадым. Сол күні мен бұл қойылымды 4 рет көрдім. Содан кейін әртістің әр бейнебаянын тамашалай бастадым. Тіпті кей әндерді тыңдап, көзіме жас алдым, – деді радиожүргізуші.
Флориан Facebook желісіндегі артистің неміс фан-клубын көргенде оған Димаштың әндерін радиодан беру идеясы келді:
Димаштың жанкүйерлері соншалықты көп екенін білгенде мен оны неге радиостанцияларымыздан естімегенімізге таңғалдым. Бір кезде өзімнің жеке командам және радиостанциям бар екенін түсіндім.Флориан Гроголл
Осылайша Dimash Fanclub Deutschland-пен бірлесіп сауалнама жүргізген Флориан қазақстандық өнерпазға арналған алғашқы бағдарламасына бірнеше ән таңдады.
Трансляция «Dimash & Igor Special» деп аталды. Оған Димаштың Игорь Крутоймен бірлесіп жазған әндері, сонымен бірге қазақ тіліндегі «Самалтау», «Дайдидау», «Ұмытылмас күн» және «Махаббат бер маған» атты бірнеше әні кірді.
Айта кетейік, 16 мамырда Флорианның тағы бір «2Decks Radio» радиосы қазақстандық өнерпазға арналған «The Best of Dimash» деп аталатын кезекті бағдарламасын өткізбек.