Алматыда Batyr. Gül Almaty концерті өтіп жатыр
Ішке кіре алмағандар үшін Абай алаңында үлкен экранда трансляция ұйымдастырылды. Мұнда шамамен 2 мың адам жиналған, ағылып келіп жатқандар әлі бар.
Сурет: Zakon.kz
Абай алаңында жаңбырдан қорғайтын палаткалар тартылып, отыруға орындар қарастырылған.
Сурет: Zakon.kz
Концертті марқұм әншінің ағасы Бауыржан Шүкенов ашты. Сонымен қатар, залда Батырханның анасы Клара Ибрагимқызы да отыр.
Сурет: Zakon.kz
Батыр шығармашылығының адал жанкүйерлері концертті тамашалап, көздеріне жас алып ән шырқап жатыр. Бүгінде миллиондаған тыңдарманның сүйікті әндерін симфониялық оркестр, солистер, Батырдың замандастары мен жас музыканттар алғаш рет орындайды.
Сурет: Zakon.kz
Іс-шараға Батырдың көпжылдан бергі әріптестері қатысуда: ҚР Халық әртісі Жәния Әубәкірова, композитор Ренат Гайсин, әнші Рүстем Нұржігіт, Марсель және оның шығармашылығын өзінше түсіндіретін жас әртіс Мәди Сыздықов, dudeontheguitar, Jeltoksan , Маквин, nasiafromasia және басқалар.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Batyr. Gül Almaty арнау концерті – бұл Батырхан Шүкенов атындағы Қоғамдық қорының қызметінің жалғасы, ол әнші туралы естелікті сақтауға және Қазақстанның жанды әрі күшті мәдени ортасын қалыптастыруға бағытталған.
Айта кетсек, 2015 жылдың 28 сәуірінде Батырхан Шүкенов Мәскеуде дүние салды. Ол 53 жаста еді.