Әли Оқапов "Құрмет" орденіне қатысты мәлімдеме жасады
Әли Оқапов 27 қазанда өзінің Instagram-дағы парақшасына түсініктеме видео жариялады.
"Құрметті достар, әріптестер, осы видеоны көріп отырғандардың барлығы! Кейінгі оқиғаларға байланысты мұншалықты назар болады деп күткен емеспін. Бірақ ештеңе байқамаймын, мән бермеймін деп кейіп көрсету дұрыс емес болар. Мен сіздерге осы видеоны жолдап отырмын. Сіздерге өзімнің телеарналардан, радиостанциялардан, ұйымдардан, жеке жобалардан берілетін марапат пен барлық музыкалық сыйлықтардан бас тартатынымды хабарлаймын. 32 жыл өмірімде жалпы мен қатысқан барлық жердегі марапаттарды айтып отырмын. Көптен бері осыны істегім келіп еді, себебі балама жеке бөлме керек. Кеңседегі сөрелерде тұрған бұл ауыр металдар, жабдықтар бала үшін қауіпті болар. Енді мұның бәрінен бас тартуға жақсы себебім бар".Әли Оқапов
Сонымен қатар Оқапов мемлекеттік наградалар туралы сөз қозғады.
"Мұның бәрі өте маңызды. Наградаларда мемлекеттік рәміздер бар. Заңды зерттедім, қайтару туралы нормативтік құқықтық актілерді іздедім. Ештеңе таппадым, ондай норма жоқ. Бұл наградалар уәкілетті органның шешімін күтеді. Солай. Мен осындай шешімге келдім. Талап етілетіннің бәрін жасауға дайынмын. Мен ештеңе сұрамадым, ештеңе білмедім. Тіпті ол жерге барғанда да не болатынын түсінбедім. Бірақ қалай болғанда да, бұған жауаптымын. Сондықтан барлығына қиын жағдай туғызғаным үшін кешірім сұраймын".Әли Оқапов
Әнші Әли Оқапов бұл мәселенің әділ шешілетініне сенім білдірді.
"Жалпы өнер адамына қошеметтен артық марапат жоқ деп есептеймін. Мен бақытты адаммын, отбасым бар, әнім бар, тыңдарманым бар. Мен ең маңызды марапатымды биыл 17 ақпанда алдым. Әке атандым. Енді осы атаққа лайық боламын деп үміттенемін. Егер біреуді ренжіткен болсам, кешірім сұраймын. Мені қорғағандардың барлығына рақмет. Ешкім зардап шеккен жоқ. Біз өмірдің осы сәтін қауіпсіз түрде өткізіп жіберіп, назарымызды шын мәнінде маңызды мәселелерге аудара аламыз".Әли Оқапов
Сөз соңында әнші баршаға алғысын білдірді.
"Мен жаспын және өзім үшін бәрі алда деп үміттенемін. Роза Рымбаеваның ұлы әрі қарапайым эстрада орындаушысы ретінде кешірім сұраймын және ризашылығымды білдіремін. Барлығын құшақтадым".Әли Оқапов
25 қазан күні Әли Оқапов өзінің оқырманына ел қатарлы жаңалығын бөлісті: ол "Құрмет" орденімен марапатталғанын қуана хабарлады. Алайда пікір жазушылар әншіні құттықтаудың орнына, бұл жаңалыққа ашуланып, шабуылдай бастады.
Қазақстанда 1993 жылдан бері "Құрмет" орденімен экономика, әлеуметтік сала, ғылым мен мәдениет, білім беруді дамытудағы сіңірген еңбегі, мемлекеттік органдардағы үлгілі қызметі және белсенді қоғамдық қызметі үшін азаматтар марапатталады.