Жаңалықтар тізбегі
0

Аида Балаева: Еңбекқорлық – жеке адамның табысқа жету жолы ғана емес, қоғамның өркендеу кепілі

Аида Балаева, құттықтау, Еңбек күні, сурет - Zakon.kz жаңалық 29.09.2024 12:29 Сурет: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
29 қыркүйекте ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қазақстандықтарды Еңбек күнімен құттықтады, деп хабарлайды Zakon.kz.
"Қыркүйектің соңғы жексенбісі – қазақстандықтар үшін ерекше күн. Біз бүгін өз еңбегімен еліміздің дамуына зор үлес қосып жүрген жандарға құрмет көрсетеміз. Еңбек күні – жай ғана мереке емес, отаншылдық пен адалдықтың, еңбекқорлықтың символы.Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялап, олардың ел үшін маңызын атап өтті. Сондай-ақ адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашан да құрметті, сыйлы екенін сөз етті. Бұл "Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс" қағидатына толық сай келеді. Біздің қоғамда еңбекқорлық пен кәсібилік сияқты қасиеттер әрқашан бірінші орында тұруға тиіс. Себебі өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Еңбек – қоғамның әл-ауқатының негізі", деп жазды Аида Балаева Facebook-тегі парақшасында.

Министр зауыттар мен фермалардағы, шахталар мен мектептердегі жұмысшылардың, дәрігерлердің, инженерлердің, құрылысшылардың және басқалардың еңбегі арқасында еліміз дамып келе жатқанын, әрбір еңбек адамы Қазақстанды қуатты ете түсетінін баса айтады. Сондықтан ол әр адамның еңбегіне құрметпен қарауға тиіс екенімізді айтады.

"Біз бүгін өз білімі мен шеберлігін ұрпақтан-ұрпаққа жалғап келе жатқан еңбекқор әулеттерді ұлықтаймыз. Бұл отбасылар еліміздің тірі тарихы, олардың әрбірі өз ісіне деген сүйіспеншілік арқылы бүкіл ұрпақты біріктіріп, үлгі болып отыр". Аида Балаева

Сөйткен министр мәдениет және ақпарат саласындағы үздік отбасыларға жекелей тоқталды:

Қажиахметовтер отбасы – Батыс Қазақстан облысында 100 жыл бойы қызмет етіп келе жатқан журналистер әулеті. БАҚ саласының ардагері Мехмет Қажиахметов өз өмірін журналистикаға арнаған, бүгінде Дәурен есімді ұлы да бейнеоператор болып жұмыс істейді. Ал келіні аудандық газетте қызмет етеді. Бұлар нағыз өз ісін білетін отбасы, олардың жұмысы бізге маңызды жаңалықтар мен оқиғаларды жеткізуге мүмкіндік береді.

Шығыс Қазақстан облысында өз өмірін мәдениет пен өнерге арнаған Смағұловтар отбасы тұрады. Амангелді Смағұлов пен оның әйелі, қобызшы Сәуле Жұматаева Ұлан ауданының мәдениет бөлімінде қазақ халық өнерінің дәстүрін жаңа ұрпаққа жеткізіп, аянбай қызмет етіп келеді.

Бейсбековтер әулеті – Шымкент қаласында тұратын қолөнер шеберлері. Олар 40 жылдан астам уақыт бойы дәстүрді сақтап, жергілікті брендті дамыта отырып, алаша, шекпен мен басқа да бұйымдарды тоқумен айналысады. Олардың өнері тек қолдан жасалған дүние ғана емес, балалары мен немерелеріне де қалар құнды мұра.

Ақмола облысы Зеренді ауданындағы Насибуллиндер отбасы – музыкалық мәдениетті сақтаушылар. Отбасының ұйытқысы Әсия Насибуллина 90 жасында фольклорлық ансамбльде әлі де өнер көрсетіп жүр, ал оның балалары мен немерелері біздің мәдени мұрамызды сақтауға үлес қосып, оның ісін жалғастырып отыр.

Ақтөбе облысындағы Қасымовтар әулеті – 200 жылдан астам тарихы бар фермерлер. Олар бүкіл өмірін ауыл шаруашылығына арнаған, елді азық-түлікпен қамтамасыз етіп, егіншілік дәстүрді сақтап қалды. Бұл мысалдар – әр адал әрі еңбекқор адам елдің әл-ауқатының негізі екенінің жарқын көрінісі.

"Осы және басқа да көптеген отбасы еңбек тек жұмыс емес, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ата кәсіп екенін де көрсетеді. Олардың еңбегі – Қазақстанның экономикалық, мәдени және әлеуметтік дамуының негізі. Президент жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылы еліміздің болашағын өз еңбегімен қалап жатқан жандарды тану және қолдау жолындағы маңызды қадам болмақ. Сондай-ақ мемлекетті кім күшті ететіні туралы ойлануға мүмкіндік береді. Әрине олар – зауытта , далада, мектепте немесе ауруханада болсын, күнделікті адал жұмыс істейтін қарапайым жандар. Еңбекқорлық – жеке адамның табысқа жету жолы ғана емес, қоғамның өркендеу кепілі. Тек адал, қажырлы еңбек арқылы біз өзіміз бен балаларымыз үшін жарқын болашақ құра аламыз", деп сөзін түйіндейді Балаева.

Айта кетсек, бүгін Қазақстанда Еңбек күні атап өтілуде.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: