Тоқаев Ақұштап Бақтыгерееваның 80 жылдық мерейтойына орай құттықтау жолдады
Іс-шарада Аида Балаева Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.
"Халқымыз өзіңізді мәдениетіміз бен өнерімізді өркендетуге үлес қосып келе жатқан қарымды қаламгер, көрнекті қоғам қайраткері ретінде жақсы біледі және құрметтейді. Еңбек жолында бірқатар отандық газет-журналдар мен баспада жемісті жұмыс жасап, ұлттық әдебиетіміздің ілгері басуына күш-қайратыңызды жұмсадыңыз. Қазақ поэзиясына өзіндік өрнегіңізбен келіп, айшықты ойлар мен айрықша дара шумақтарыңызбен танылдыңыз. Еліміздің мәртебесін асқақтатқан Тәуелсіздік пен бейбіт өмірді және табиғат сұлулығын арқау еткен жалынды жырларыңызды талғамы биік оқырман жылы қабыл алды. Сонымен қатар, отбасы құндылықтары, қыз баланың тәрбиесі, ананың қоғамдағы рөлі туралы пайымды пікірлеріңіз қолдау тауып келеді. Алдағы уақытта ел-жұрттың ортасында сый-құрметке бөленіп, шығармашылық ізденістеріңіз табысты бола беруіне тілектеспін. Сізге мықты денсаулық және отбасыңызға бақ-береке тілеймін!", – делінген құттықтау хатта.
Бүгін Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ ұлттық-музыкалық театрында Батыс Қазақстан облыстық Хадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театры Ақұштап Бақтыгереева мен драматург Мәдина Омарованың сценариімен әзірленген "Жұбан" поэтикалық драмасы сахналанды.
ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында "Алаштың Ақұштабы" атты әдеби кездесу өткізілді. Кездесуде ақынның "Менің Фаризам" атты жаңа кітабының тұсаукесері өткізілді. Ақын бұл кітабында қазақ әйелдері арасынан шыққан бірегей қаламгер Фариза Оңғарсынованың өмір жолы туралы сыр шертеді.
Сонымен қатар, Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде Ақұштап Бақтыгерееваның оқырмандармен кездесуі ұйымдастырылды.