Астанада Роза Мұқанованың 60 жас мерейтойына арналған ғылыми-практикалық конференция өтті
"Роза Мұқанова шығармашылығы: әдебиет, театр, кино" атты іс шарада ҚР МАМ Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Рустам Әли министр Аида Балаеваның құттықтау хатын табыс етті.
"Роза Қажығалымқызы – қазақ прозасы мен драматургиясына өзіндік қолтаңбасын қалдырып, оқырманның жүрегіне жол тапқан қаламгер. Бүгінгі іс-шара – Роза Қажығалымқызының әдебиет, театр, кино және педагогикадағы жарқын жолын тереңінен тануға мүмкіндік береді деп сенемін", делінген министрдің құттықтау хатында.
Конференцияға Қазақстан Республикасының мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі әдебиеттанушылар, кинотеледраматургтер, кинотанушылар мен театртанушылар, өнертанушылар және шетелдік ғалымдар, әдебиет және өнер қайраткерлері қатысты.
Сурет: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Конференция аясында Роза Мұқанованың шығармашылығы негізінде түрік тілінде жазылған Сабина Саидтың кітабы мен ұжымдық монография және фотокөрменің тұсаукесері өтті.
Сонымен қатар Сатыбалды Нарымбетовтің Роза Мұқанованың әңгімесі негізінде түсірілген "Қызжылаған" фильмі көрсетілді. Іс-шара барысында конференция қатысушыларына ҚР Ұлттық архивінің ұйымдастыруымен "Розаның әдебиет әлемі" атты жеке қорынан құжаттар көрмесі ұсынылды. Көрмеде жазушының журналистика мамандығы бойынша дипломдары, куәлігі мен марапат құжаттары және "Қызжылаған", "Мәңгілік бала бейне", "Муза" сынды тағы да басқа драмаларының қолжазбалары, театрлық афишалар, әкесі Қажығалым Мұқановтың қолжазбалары, отбасылық фотосуреттері таныстырылды.