Астанада "Ерлік – елдік дастаны" атты республикалық командалық айтыс өтті

Бақ пен бап қатар шапқан жиында әлдилеген дәстүрлі ән, жыр, терме мен күй орындалып, айтыстан сыр шертілді. Сахна төріне шығып, сөз өнерінің шеберлігін паш еткендер екі күн бойы Елорда жұртын жырмен сусындатты. Ақындар қайым айтыс, сүре айтыс, түре айтыс пен өтірік өлең айтып сайысса, дәстүрлі әнші, жыршы, термеші мен күйшілер өзара бақ сынады, деп хабарлайды astana.tv.
"Халықтың ұлттық өнері насихаттап, халықтың алғысын алып, қазақтың музыкалық, ақындық (поэтикалық өнер ғой ақын деген) өнерін насихаттап, халықтың алғысын алып, қазақтың бай мұрасын ұрпақтан-ұрпаққа насихаттап жүре берсін дегім келеді". Айгүл Елшібаева, термеші
Былтыр наурыз айында алғаш рет басталған командалық айтыс бірден өнерсүйер қауымның ықыласын оятып, ел ішіндегі өнер мектептеріне тың серпін берген еді. Сол жолы жыр аламанына қатысқан жиырма ұжым биыл толық құрамда екінші маусымға келді. Іріктеу кезеңінен он команда қалды. Ал одан іріктелген 4 топ жартылай финалда өнер көрсетті. Алғашқы кезеңде Қарағанды облысы мен Астана қаласы кездессе, екінші күні түркістандықтар мен ақтөбеліктер сынға түсті.
Сахна төріндегі өнер сайысын еліміздің беделді тұлғаларынан құралған қазылар алқасы бағалады. Олардың қатарында Жүрсін Ерман, айтыс ақындары мен жыршы-термешілер бар. Жиынды ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай тізгіндеді.
"Бұл жоба - ұлттық өнерді ұлықтауға, ұлттық өнерді қолдауды мақсат тұтқан жоба. Өйткені біздің қанымызға сіңген, ұлттық болмысымызды ұлықтайтын айтыс өнері, жыр, терме, ән, күй осы 5 жанр - ұлттық өнердің 5 жанры". Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай
Сақи дала – Сарыарқаның төсін дүбірлеткен командалар көмбеге бірдей шауып жетті. Бірі озып, бірі қалған жоқ. Ұлттық өнердің төрт тағанын бір сахнаға сыйдырған "Ерлік – Елдік дастаны" айтысы ел рухын биіктеткен мазмұнды мерекеге айналды. Айтыс соңында барлық команда жетекшісі мен ақындарына 500 мың, ал өнерпаздарға 250 мың теңге табыс етілді.