Сырлы үн мен тылсым табиғат үйлесімі: қазақстандық ару көрікті мекендерде домбырамен ойнап, танымал болды

Сырлы үн мен тылсым табиғат үйлесімі: қазақстандық ару көрікті мекендерде домбырамен ойнап, танымал болды , сурет - Zakon.kz жаңалық 05.09.2025 15:00 Сурет: Толғанай Хасеннің жеке мұрағатынан
Алматылық музыкант табиғат аясында және қаланың ерекше бұрыштарында жарқын музыкалық перформанстар жасап, қазақ музыкасына жастардың қызығушылығын оятуды мақсат етіп жүр. Оның бейнероликтері әлеуметтік желілерде кең таралуда. Өнер иесі – Толғанай Хасенмен Zakon.kz тілшісі танысып қайтты.

Толғанай Хасен – музыкант, педагог әрі артист. Ол классикалық домбыра өнерін заманауи вирусты трендке айналдырған өнер иесі. Оның бейнежобалары миллиондаған қаралым жинап, жаңа ұрпақты қазақ музыкасына шабыттандырып келеді.

Қостанай қаласында дүниеге келген Толғанай қазіргі таңда Алматыда тұрады. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының түлегі, өнертану магистрі. Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясына қарасты күйші-композитор Сәкен Тұрысбеков жетекшілік ететін "Ақ жауын" мемлекеттік камералық оркестрінде домбырашы-артист болып еңбек етеді. Сонымен қатар, Алматы музейлер бірлестігінде жұмыс істейді және ұстаздық қызметпен де айналысады.

Сурет: Толғанай Хасеннің жеке мұрағатынан

Толғанай алғаш рет домбыраны бала кезінде қолына алған. Ал 12 жасында бұл аспапты толық меңгеріп шыққан. Домбыра үніне деген ғашықтығы "Қыз Жібек" фильмін көргеннен кейін оянғанын айтты. Кейін қазақ күйшілерінің шығармашылығына әуес болып, солар секілді шебер орындауды армандаған. Бүгінде сол арманына бір табан жақындап, ұлттық аспапты бүкіл әлемге танытуды мақсат етіп отыр. Бұл жолда оған ұстаздары — Раушан Сыбанова мен Била́л Искаковтың орны ерекше екенін ару атап өтті.

"Ұстаздарымның арқасында мен дәстүрлі орындаушылық өнерді шын мәнінде сүйіп, бағалауды үйрендім. Сол үшін де оларға әрдайым алғыс айтамын. Бүгінде домбыра – мен үшін жай ғана кәсіп емес, ол – менің өмірім. Осы аспаптың арқасында құрметке бөленіп, қоғамда өз орнымды таптым. Домбыра – жай ғана музыкалық аспап емес, ол – тарихтың үнін жеткізетін, терең философияны бойына сіңірген мәдени мұра. Бұны тек сезіне алған адам ғана түсінеді", – дейді Толғанай Хасен.

Сурет: Толғанай Хасеннің жеке мұрағатынан

Ол тек күйді шебер орындауымен ғана емес, орындау орны мен форматы арқылы да танымал. Толғанай өз перформанстарына көркем табиғат аясын, әсем саябақтар мен алаңдарды, қалалық кеңістіктерді таңдайды. Кейде тіпті футбол алаңында, көрермендер арасында отырып ойнайды. Көше тұрғындары таңданыспен тоқтап, оның өнерін тамашалап, бейнежазба жасап, әлеуметтік желілерге жариялайды. Осылайша, ол жастардың домбыраға деген қызығушылығын оятуға тырысады.

Сурет: Толғанай Хасеннің жеке мұрағатынан

"Ұстаз ретінде мен бүгінгі заман оқушысына дәстүрлі сынып сабағының жеткіліксіз екенін түсінемін. Қызықтыру үшін ұстаздың өзі ерекше болуы керек, аспаптың мүмкіндігін түрлі жобаларда көрсете білуі тиіс. Бұл – домбыраның ерекшелігін шетелдерге танытып, қазақ мәдениеті мен туризмге де серпін беру жолы. Сонымен қатар, бұл менің шығармашылық идеям, жанымның қалауы. Мен өнер арқылы халықтың рухын көтеруге болатынын көрсеткім келеді", – дейді Толғанай.

Домбырамен қатар, ол "ортеке" өнерін де меңгерген. Ортеке – қазақтың дәстүрлі қуыршақ театры мен музыкалық өнерінің бір түрі. Ол — домбыраның үніне ілесіп билейтін кішкентай ағаш қуыршақтар. Бұл қуыршақтар домбырашының саусақтарына байланады да, күй ырғағына сай қозғалады.

Толғанайдың ортекеге деген қызығушылығы педагогикалық қызметін бастаған кезде пайда болған.

"Оқушыларды қызықтыру үшін алдымен өзің де дамуың керек екенін түсіндім. Кейін музейде шетелдік туристерге ортеке көрсететін болдым, бұл менің шығармашылық тәжірибеме айналды. Ортекені меңгеру маған аса қиын болмады. Кез келген музыкалық аспапта ойнай алатын адам бұл өнерді де үйрене алады", – дейді ол.

Болашақта Толғанай Қазақстанның әр өңірін аралап, ерекше табиғаты бар жерлерде домбыра тартқысы келеді. Әсіресе, көгілдір Көкшетауды, сырлы Маңғыстауды, Шығыс Қазақстанның ғажайып табиғатын көргісі келеді. Оның арманы – домбыраның асқақ үнін күллік қазақ даласының тыңдауы.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: