Будапештте балеттен өткен халықаралық байқауда Қазақстан өкілі үшінші орын иеленді
Сурет: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Қазақстан атынан байқауға Қазақ ұлттық хореография академиясы колледжінің 1-курс студенті Әбілмансұр Сырманов қатысып, Junior санатында үшінші дәрежелі жүлде лауреаты атанды. Айта кетейік, бұл санатта қатысушылар жынысына қарай бөлінбеді, бұл бәсекелестік деңгейін айтарлықтай арттырды, делінген ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің 2025 жылғы 22 қарашадағы хабарламасында.
BBGP байқауының мақсаты – талантты жас орындаушыларды қолдау, олардың кәсіби дамуына жағдай жасау және халықаралық сахнада тәжірибе алмасуға мүмкіндік беру.
Қатысушылардың жұмысына әлемдік балет өнерінің танымал шеберлері енген халықаралық қазылар алқасы баға берді.
Үшінші орынмен қатар, Әбілмансұр Сырманов бірнеше арнайы марапатқа ие болды. Ол Мажарстан би университетінің "Би әртісі" бакалавриат бағдарламасына тегін оқуға шақырылды, сондай-ақ Брно қаласында өтетін Еуропалық би байқауына қатысу ұсынылып, ұйымдастырушылар барлық шығынды өздері көтеретінін жеткізді. Бұған қоса, жас биші Норвегия ұлттық балеті 2 және Дрездендегі Semperoper Ballet труппаларына бір апталық тағылымдамадан өтуге шақырту алды.
Жас өнерпазды байқауға классикалық би педагогы Әсет Мұрзақұлов дайындады.
Бұған дейін әлемдік балет жұлдыздары Қазақстанда өнер көрсететіні хабарланған.