Димаш Құдайберген БҰҰ-ның дүниежүзілік ізгілік елшісі болып тағайындалды
Сурет: dimashnews
Әншінің баспасөз қызметі атап өткендей, 2024 жылы Димаш ХКҰ-ның өңірлік ізгілік елшісі болып тағайындалған еді. Ол өзіне тиесілі жаһандық платформа арқылы мигранттардың мәселелеріне қоғам назарын аударып, олардың интеграциясына жәрдемдесіп, сондай-ақ қаражат жинау шараларына қатысып, ұйымның жұмысына қолдау көрсетіп отырды.
2025 жылы Димаш ХКҰ-мен ынтымақтастығын кеңейтіп, бірқатар маңызды іс-шараларды жүзеге асырды. Ол Рамазан айына орай ХКҰ-ның ақпараттық науқанына қатысып, бүкіл әлемдегі миллиондаған оқырмандарына мейірім мен жанашырлыққа үндеген үндеулер жолдап, адам саудасы мәселесіне және осал топтарды қорғаудың маңыздылығына да назар аударған болатын. Сонымен қатар, ол ХКҰ-ның Бас директорымен кездесіп, гуманитарлық дағдарыстардан зардап шеккен адамдарды қолдауға деген шынайы пейілін білдірді.

Сурет: dimashnews
8 желтоқсанда өткен сессия барысында Димаш ХКҰ-на мүше мемлекеттер делегациялары мен қызметкерлері қатысқан аудитория алдында өзінің "S.O.S d’un terrien en détresse" атты танымал туындысын орындады. Оның гуманитарлық қызметін бағалай отырып, ХКҰ Димашқа "Stranger" туры кезінде Ұйым миссиясын ілгерілетуге бағытталған қызметі, сондай-ақ қоныс аударған және осал топтармен ынтымақтастыққа шақырған үндеу-қаракеттері үшін алғысын білдірді.
"Димаш өз дауысын тек тыңдаушыларына ерекше әсер қалдыру үшін ғана емес, сонымен қатар қиындықтардан зардап шеккен адамдарға қолдау көрсетіп, көмектесіп, сондай-ақ олардың мәдени ерекшелігін таныту үшін де пайдаланады", – деді ХКҰ бас директоры Эми Поуп.
Бұған дейін 2025 жылғы 6 желтоқсанда Димаш Құдайберген туралы кітап басылып шыққанын жазғанбыз.