Астанада кітап оқып, ақшалай сыйлық ұтуға мүмкіндік беретін марафон өтіп жатыр
Сурет: gov.kz
Елорда әкімдігінің ресми сайтының хабарлауынша, марафонға қатысушылар алты ай ішінде 15 кітап оқып, кейін тестілеу мен бірқатар зияткерлік куизден өтеді.
Сынақ қорытындысы бойынша қатысушылардың әр санатындағы үздік командалар анықталады.
- І-орынға – 600 мың теңге,
- ІІ-орынға – 450 мың теңге,
- ІІІ-орынға 300 мың теңге ақшалай сыйлық қарастырылған.
"Кітап оқитын ұлт" марафонына кімдер қатыса алады:
- 6-10 сынып оқушылары;
- колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері;
- педагогтер;
- мемлекеттік қызметшілер;
- ата-аналар;
- мамандығы мен қызмет түріне қарамастан, барлық ниет білдіруші.
Марафон қазақ және орыс тілдерінде өтеді. Қатысушыларды тіркеу биыл қыркүйек айында жобаның www.reading-nation.kz ресми сайтында басталады.
Айта кетейік, жоба аясында биыл күзде елордада әдеби кездесулер, жалпыхалықтық кітап оқулар, кітап жобалары, ағартушылық акциялар және басқа да іс-шаралар сериясы басталады.
Бұл жұмыстардың мақсаты – кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру, отандық әдебиетті қолдау және тоқтаусыз өз білімін жетілдіру мәдениетін қалыптастыру.
Айта кетсек, Қазақстанда Ұлттық кітап күні пайда болған еді, ол сәуір айының 23-іне сәйкес келеді.