Астанада әскери авиация жаттығулары өтіп жатыр
Осымен екінші күн Астана қаласы тұрғындары әуедегі әскери авиация жаттығуларына куә. Қала тұрғындары Қазақстан астанасының үстінде ұшып жүрген атқыш ұшақтардың видеосын жариялауда.
Бұған дейін хабарланғандай, ел астанасында 28 маусым мен 1 шілде аралығында Қарулы күштер авиациясының ұшу қауіпсіздігі ережелеріне сәйкес жаттығу ұшулары өткізіліп жатыр. Астана тұрғындары мен қонақтарынан өткізілетін іс-шараларға түсіністікпен қарау сұралады.
"2024 жылғы 3-4 шілдеде Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммитін өткізу кезінде Астана қаласында елорданың әуе кеңістігін күзету күшейтілетін болады.Осыған байланысты 28 маусым мен 1 шілде аралығында Қарулы күштер авиациясының ұшу қауіпсіздігі ережелеріне сәйкес жаттығу ұшулары өткізіледі", делінген ҚР Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің хабарламасында.
Айта кетсек, 2024 жылғы 27 маусымда Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) саммитіне дайындыққа байланысты Астананың айналасына блок бекеттер орнатылды. Бұл ретте, ІІМ атап өткендей, азаматтардың қозғалысына ешқандай шектеулер қойылмайды әрі қала жабылмайды. Бірақ кейінірек ҚР Мемлекеттік күзет қызметі елорда тұрғындары мен қонақтарына 28 маусымда қаланың кейбір жолдары жабылатынын ескертті.