Қырғызстандық стендап-комик Элдос Алмазов 29 жасында қайтыс болды
Сурет: Instagram/eldos_almazov
Қайғылы хабарды оның Telegram-арнасындағы соңғы жазбасының астына немере әпкесі жазған.
"Сіздерге осындай жаңалықты жеткізуге тура келеді деп ешқашан ойламаппын. Бірақ тағдырдың жазуы солай болған шығар. Мен Элдостың немере әпкесімін. Әкем мен Элдостың әкесі туған ағайынды. Біз – ағайынды адамдардың балаларымыз. Кеше операция кезінде Элдостан айырылып қалдық. Бұл – бәріміз үшін, әсіресе ата-анасы үшін орны толмас қаза. Элдостың жақындары, әсіресе анасы мен әкесі бұл аурумен ұзақ уақыт күресті. Олардың қандай ауыр күндер мен сынақтардан өткенін бір Алла біледі. Сондықтан сіздерден жаман сөз жазбауларыңызды сұраймыз. Элдосты жақсы сөзбен еске алып, рухына Құран бағыштап, дұға жасауларыңызды өтінеміз", – деп жазды ол 2026 жылғы 19 қарашада.
Комиктің қайтыс болғанын оның досы, стример Анар Абдулаев та растады.
"Бұл, шынымен де, рас. Мен оның отбасымен, ағасы және әпкесімен байланыстым", – деді ол Telegram-арнасында.
Сондай-ақ инфлюенсер марқұмды ақтық сапарға шығарып салу рәсімінің шығындарын өз мойнына алатынын мәлімдеді.
Элдос Алмазов 1997 жылғы 25 қыркүйекте Қырғызстанда дүниеге келген. Бала кезінде оған өсу гормонының жеткіліксіз бөлінуімен байланысты гипофизарлық нанизм диагнозы қойылған.
Ол әлеуметтік желілерде жоғары сыныпта оқып жүрген кезінен бастап түсірген әзіл видеолары арқылы танымал болды. Кейін комик TNT арнасындағы "Открытый микрофон", Азамат Мұсағалиевтің "Большое шоу" жобаларына және басқа да бағдарламаларға қатысты.
2026 жылғы сәуірде Алмазовтың сол аяғынан сүйек қатерлі ісігінің асқынған түрі – остеосаркома анықталды. Ол бірнеше курс химиотерапиясынан өтті. Ал 2026 жылдың күзінде ісікті алып тастау бойынша операция жасатып, кейін оңалту курсынан өтіп жүрген.