"Мен жай ғана Қазақстаннан шыққан адаммын": Димаш Құдайберген ағынан жарылды

Димаш Құдайберген , сурет - Zakon.kz жаңалық 27.11.2026 14:05 Сурет: dimashnews.com
Қазақстандық өнерпаз Димаш Құдайберген 2026 жылғы 1 желтоқсанда әлемдік DIMENSIONS туры аясында Перудің Лима қаласындағы Costa 21 сахнасында өнер көрсетеді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Әнші Peru 21 басылымына берген сұхбатында концертке дайындығы, дауысын сақтау құпиялары және жергілікті көрермендерге арналған тосынсыйлар туралы айтып берді.

Сұхбат барысында Димаш өзінің вокалдық мүмкіндіктері туралы көп ойлана бермейтінін, өйткені ән айтуды жан-тәнімен жақсы көретінін мойындады. Оның айтуынша, тіпті түн ортасында оятып алса да, кез келген уақытта сахнаға шығуға дайын.

Дегенмен өнерпаз, әсіресе концерт күндері дауысын күтуге тырысады.

Мәселен, ащы тағамдарды жақсы көргеніне қарамастан, сахнаға шығар алдында олардан бас тартады. Сондай-ақ әнші көп тамақ жеуден, тәтті шырындардан, газдалған және салқын сусындардан бас тартады. Бұған қоса, концерт болатын күні сахнаға күш жинау үшін мүмкіндігінше аз сөйлеуге тырысады.

DIMENSIONS шоуына дайындық туралы айтқан әнші ұйымдастыру жұмыстарына шамамен бір жыл, ал музыкалық аранжировкалар мен қойылымды әзірлеуге жарты жылдан астам уақыт кеткенін атап өтті. Команда музыкалық сүйемелдеумен қатар, ауқымды визуалды безендіруге де ерекше көңіл бөлген.

Димаш Құдайберген , сурет - Zakon.kz жаңалық 27.11.2026 14:05

Сурет: dimashnews.com

Димаш атқарылған жұмысқа мақтанатынын айтып, жобаны жүзеге асыруды өзі үшін үлкен мәртебе әрі жеке сынақ деп бағалады.

Өнерпаз халықаралық сахнада Қазақстанның атынан шығудың өзі үшін қандай мәні бар екенін де бөлісті. Оның сөзінше, бала кезінен осындай мүмкіндікке ие болуды армандаған. Қазір Еуропа, Азия және Америка елдерінде мыңдаған көрерменнің алдында өнер көрсетіп жүр. Әсіресе шетелдік жанкүйерлерінің онымен бірге қазақ тілінде ән айтуы оған ерекше сезім сыйлайды.

Әнші Dears деп аталатын жанкүйерлеріне де алғысын білдірді.

"Оларсыз менде ештеңе жоқ. Егер олар сені қолдамаса, онда кім үшін ән айтасың? Өмірімдегі барлық жақсылық пен мансабымның дамуы жанкүйерлерімнің қолдауының арқасында мүмкін болды. Оларсыз мен жай ғана Қазақстаннан шыққан адаммын, ал олармен бірге – әншімін", – деді Димаш Құдайберген.

Перудегі алдағы концерті туралы сұраққа жауап берген өнерпаз көрермендер басқа елдерде ұсынып жүрген бағдарламасын тамашалайтынын, алайда оған кейбір өзгерістер енгізілуі мүмкін екенін айтты.

Польшадағы премьерадан кейін команда жанкүйерлермен ақылдасып, шоуға қандай элементтер қосу немесе өзгерту керегін талқылауды жоспарлап отыр. Лима қаласындағы көрермендерді тосынсыйлар, сондай-ақ бірнеше жаңа ән күтуі мүмкін. Димаш Перудегі бағдарламаның алдыңғылардан да сәтті шығуы ықтимал екенін жоққа шығармады.

Сұхбат соңында әнші Перудегі концерттен кейін жергілікті ащы тағамдардың дәмін татып көре алатынын әзілмен жеткізді. Өйткені сахнаға шығар алдында мұндай тағамдардан бас тартуға мәжбүр.

Айта кетейік, 2026 жылғы 27 қарашада Димаш Instagram парақшасында Чилидегі әсерлі концертінен кадрлар жариялады.

Құдайберген Чилиде 24 қарашада өнер көрсетті. Бұл оның DIMENSIONS әлемдік туры аясында осы елдегі алғашқы жеке концерті болды. Шоу Чили астанасы Сантьягодағы Santander Arena алаңында аншлагпен өтті.

Көрермендер керемет концерт үшін әншіге алғыстарын жаудырып жатыр.

"Махаббаттарыңыз, энергияларыңыз, мейірімділіктеріңіз және әр секунд сайын бар күштеріңізді салғандарыңыз үшін рақмет... Мен сіздерді мақтан тұтамын", – деп жазды жанкүйерлерінің бірі.

25 қарашада Құдайбергеннің анасы ұлының концертінен видео жариялап, оған ерекше қымбат композиция туралы айтты. Светлана Айтбаева өзінің ең сүйікті шығармасы "Бір аспан тарихы" (Requiem: The Story of One Sky) екенін айтқан болатын.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: