МӘМС жүйесінде бір жыл бұрын қалай сақтандырылуға болады
Бұрын өткен 12 ай үшін жарналардың төленген болуы міндетті еді. Ал қазір жаңа әдісті таңдағанда өткен жылы төленбеген кезеңдер үшін төлеудің қажеті жоқ.
Алдын ала бір жылға сақтандыру мәртебесін қалай алу үшін әр айға жеке-жеке 3 000 теңгеден, яғни 12 төлем жасау керек. 12 айға 36 000 теңге шығады.
Ескеретін жайт, 12 айға бір төлеммен аударуға болмайды. Себебі жүйе әр айды бөлек есептейді.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорындағылардың түсіндіруінше, егер МӘМС жүйесіндегі медициналық қызметтерді тұтынушының мәртебесі осы айдан бастап керек болса, онда осы айды қоса алғанда, жарналарды 12 ай үшін төлеу қажет.
Мысал: сіз қазан айында жарналарды 2022 жылғы қазаннан 2023 жылғы қыркүйекке дейін төлейсіз. Сақтандыру мәртебесі қазан айында беріледі және барлық төленген кезеңге сақталады.
МӘМС аясында медициналық көмек алу мүмкіндігін сақтау үшін қосымша 3 ай кезең беріледі.
МӘМС мәртебесі қандай мүмкіндіктер береді?
Сақтандырылған азаматтар МӘМС пакетіне кіретін медициналық көмек алады. Оған салалық дәрігерлердің консультациялары, түрлі талдаулар мен диагностикалық тексерулер (рентген, УЗИ, КТ, МРТ және т.б.), жоспарлы емдеуге жатқызу, медициналық оңалту, жоғары технологиялық медициналық көмекті қолдана отырып емдеу, аурулардың алдын алу және диагностикалау кіреді.
МӘМС жарналарын екінші деңгейдегі кез келген банк, банктердің мобильді қосымшалары, жылдам төлем терминалдары және "Қазпошта" филиалдары арқылы төлеуге болады.
Төлемдер мен мәртебе туралы ресми құжатты электрондық үкімет порталынан "Медициналық қызметтерді тұтынушы ретінде қатысу туралы және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде аударымдардың және (немесе) жарналардың аударылған сомалары туралы ақпарат беру" мемлекеттік қызметі арқылы алуға болады.
Қор таратқан ақпарат бойынша, қазан айының алғашқы жартысында 2600 астам азамат жаңа механизмді пайдаланды.