Павлодарда көп қабатты үйден өрт шығып, үш бала ауруханаға жеткізілді
Рavlodarnews.kz
Қызыл жалынды ауыздықтауға ТЖД-нің жеке құрамынан тоғыз адам мен төрт автоцистерна көлігі жұмылдырылған.
Павлодар қаласында тоғыз қабатты үйдің үш бөлмелі пәтерінде өрт шығып, үш бала ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға Аманкелді көшесі, 50/2 мекенжайында орын алған.
- Үйдің бірінші кіреберісінде орналасқан үш бөлмелі пәтердің жатын бөлмесінде терезе жақтауы, ағаш есік, жиһаз, киімдер және балкондағы заттар жанған, - деді баспасөз қызметінде. - Пәтерден төрт адам шығарылды, олардың үшеуі - бала. Жеті, үш және 11 айлық бала ысты газбен уланып, облыстық балалар ауруханасының соматикалық бөліміне жатқызылды. Олардың анасы зардап шеккен жоқ.
Қызыл жалынды ауыздықтауға ТЖД-нің жеке құрамынан тоғыз адам мен төрт автоцистерна көлігі жұмылдырылған.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Эльмира Темірғалиеваның айтуынша, бүгінгі күні балалардың жағдайы жақсы.
Бұдан басқа, Павлодарда Толстой, 88 мекенжайында орналасқан дәріхана отқа оранған.
- Дәріхананың терезелері, төбесі, ағаштан жасалған сөрелер мен дәрі-дәрмектер жанды, - деді ТЖД баспасөз қызметінде. – Оқиға орнында №34 өрт сөндіру бөлімінің газ түтінінен қорғау қызметі, 12 өрт сөндіруші мен үш автоцистерна жұмыс істеді. Жалпы жалын 20 шаршы метр аумақты шарлады. Үйдің алтыншы кіреберісінен 15 адам далаға шығарылды.
Алдын ала болжам бойынша, қызыл жалын электр құрылғыларын жөндеу кезінде дәріханада өрт қауіпсіздігін сақтамағандықтан шыққан.
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript