Теміртауда жолаушылар мінген автобус өртенді
Кеше Теміртаудың орталығында қала тұрғындарын тасымалдайтын маршруттық автобус өртке оранған. Тілсіз жау шыққан уақытта автобуста жолаушылар болып, олардың өміріне қауіп төнген. Абырой болғанда ешкім зардап шеккен жоқ, деп xабарлайды Baq.kz аймақтағы тілшісі.
5 қыркүйекте Теміртаудың Республика даңғылының бойында қозғалыста келе жатқан автобус өртке оранды. Төтенше жағдай №8 бағыттағы маршруттық автобус үшінші айналымға шығып, Металлургиялық комбинатқа бағыт алған уақытта орын алған. Өртенген автобус тиесілі автопарк басшылығының айтуынша, көліктегі электр сымдарының қысқа тұйықталуы өртке себепкер болуы мүмкін. Қала тұрғындарын тасымалдаумен айналысатын «Паз» маркалы маршруттық автобус өртке оранғанда көлік тізгінінде болған жүргізуші жалынды өзі сөндірген.
«Көлікте токтардың қысқа тұйықталуы болған. Рөлде автопаркте 2004 жылдан бастап жұмыс істейтін 58 жастағы жүргізуші болған. Ол жылдам қимылдап, жолаушыларды түсіріп, өрт сөндіргіш баллонмен жалынды өзі сөндірген. Автопарктегі жүргізушілер мұндай жағдайға дайындалған. Кәсіпорында үнемі жаттығулар өтіп, олар алдын ала дайындықтан өтеді. Жүргізушілер өрт қауіпсіздігі теxникасын жақсы меңгерген», - дейді «ТТS» ЖШС автопаркі директорының орынбасары Медеу Алтынбаев.
Оның айтуынша, автобусты жөндеп, тағы рейске шығарады.
«Шамамен 10 жыл қызмет көрсеткен. Негізі мұндай автобустар 12 жылдан аса уақыт айдалады. Автобус жөндеуден кейін қайыра рейске шығатын болады», - деді М.Алтынбаев.