Алматы облысында заңсыз балық тасымалдаумен айналысқан браконьерлер ұсталды
Алматы облысында балық тиеген браконьерлердің жолы кесілді, деп хабарлайды Zakon.kz облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомство таратқан ақпаратқа сәйкес, Алакөл ауданының аумағында ірі көлемде балық тиеген екі автокөлік тоқтатылды. Оның бірі аудан орталығы Үшарал қаласының маңында тәртіп сақшылары арнайы іс-шара барысында көлігіне ірі көлемде балық тиеген жергілікті тұрғынды анықтады.
Осы секілді тағы бір дерек Алакөл көлінің маңында тіркелген. Көлігіне жарты тоннадан астам "табан балық" тиеген жүргізуші полицейлерге браконьерлік тауарды қайда алып бара жатқанын түсіндіре алмады.
"Екі дерек бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Жүргізушілердің балықты аулауға және оны тасымалдауға тиісті құжаттары жоқ. Бірінші көліктен 200 килограмға жуық балық, ал екінші көліктен 783 келі балық тәркіленді. Осы екі дерек бойынша мемлекетке келтірілген материалдық шығын есептеліп, оны өтеу мәселесі қарастырылуда",- деп атап өтті облыстық Табиғат қорғау полициясының өкілі полиция капитаны Бағлан Рымжанов.
Полиция өкілінің ақпаратына сәйкес, тәркіленген балықтар тиісті қабылдау орындарына өткізіліп, түскен қаражат мемлекет пайдасына аударылады.
"Алматы облысында полицейлер жыл басынан бері еліміздің табиғат қорғау заңнамасын бұзудың 411 дерегін әшкерелеген. Оның ішінде 284 дерегі бойынша әкімшілік хаттама толтырылса, 127 дерегі бойынша қылмыстық өндіріс қозғалған. Сексеуіл ағашын шауып, табиғи байлыққа қол салған 111 адам, заңсыз балық аулаған 8, аңшылық жасаған 6 тұлға анықталды",- деп атап өтті облыстық полицияның баспасөз қызметі.