Атырауда балықтың жаппай қырылу оқиғасы бойынша сот отырысы өтті
Бүгін Атырау қалалық №2 сотында өткен жылдың желтоқсан айында Жайық өзенінде балықтардың жаппай қырылуы туралы іс бойынша куәлардан жауап алынды, деп хабарлайды Zakon.kz "Ақ жайық" басылымына сілтеме жасап.
Сот отырысында 30-дан астам куәгердің жауаптары тыңдалып, заттай дәлелдер алға тартылды.
Екі күн бойы сот процесіне қатысушылар ҚР ІІМ арнайы тобы мен Атырау облысының Полиция департаментінің тергеушілері түсірген бейнежазбаларды қарады. Бұл бейнежазбаларда балық қырылғаннан кейін "Луговой жылқы зауыты" ЖШС базасындағы бос қалған тоғандардың суреттері, Жайық өзенінің әр жерінде өлі балықтардың, соның ішінде бекіре тұқымдас балықтардың жаппай шоғырланғаны... темір торға жиналған өлі бекірелер, қаланың әр жеріндегі үкілерге жиналып қалған өлі балықтар түсірілген.
Бұдан басқа, "Атырау Су Арнасы" КМК су тазарту станциясындағы және "ЖЭС" АҚ аумағындағы судан сынама алынғаны және тергеушілердің барғаны камераға түсіріліпті.
Адвокат Бауыржан Оразов сот отырысында қылмыстық істе "Атырау Су Арнасының" кінәсін растайтын заттай дәлелдердің жеткіліксіз екенін айтып, көшпелі сот отырысын осы КМК аумағында өткізуді сұрады. Сот әзірге адвокаттың бұл өтініші бойынша шешім қабылдаған жоқ. Келесі сот отырысы 19 тамыз күніне белгіленді.