Елді шулатқан қостанайлық күзетшінің оқиғасы немен тынғаны белгілі болды
Қоғамдық резонанс туғызған - Қостанайда қыз зорлағандарды құрықтап, істі болған күзетшіге қатысты оқиғаның немен тынғаны белгілі болды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Айта кетсек, "23-24 маусымға қараған түні "GBR-Arystan" күзет пультіне дабыл келіп түсіп, күзетші Шыңғыс Исахметов бастаған бір топ сарбаз оқиға орнына жеткен. Олар жеткен Амангелді көшесінде орналасқан №15 балалар бақшасы алаңында үш жігіт бір қызды зорлап жатқан. Шұғыл күзет қызметкерлерін алыстан байқаған олар тым-тырақай қаша жөнеледі. Күзетшілер де олардың ізіне түседі. Бірінің ізіне түскен Шыңғыс бір нәрсенің жалт еткенін, оны пышақ деп ойлағанын айтқан. Содан қынаптағы тапаншаға қол салып, ескерту оғын атады. Сөйтіп өзіне пышақ алып жүгірмек болған қарсысындағы адамды шошытқан. Қашқан қаскөйдің жеткізбесін білген сарбаз оған қарай оқ атқан. Оқ тиген жігіт біразға дейін жүгіріп, ақыры құлаған. Шыңғыс бірден жедел жәрдем шақырған.
Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері барлығын бөлімге апарған. Бірақ полиция ұсталғандарды босатып жіберіп, күзетші сарбаздардың өзін тергеуге алған. Қыз зорлаушыларды құрықтауда қару қолданған Шыңғыс Исахметовке қатысты, тіпті ҚР Қылмыстық кодексінің 252-бабы, яғни "Жеке күзет қызметі қызметкерлерінің өкілеттіктерін асыра пайдалану" бойынша іс қозғалған. Сөйтіп зорлықшы емес, керісінше қылмыскерлерді құрықтаушыға 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылу қаупі төнген.
Бұл жайт қоғамда үлкен резонанс туғызған еді. Облыстық полиция бұл істің қазір қандай деңгейде екенін баяндап берді.
"Біз заң жүзінде жекеменшік күзет қызметі сарбазының әрекеті қаншалықты заңды екенін тексеруге міндетті болдық. Ал ол үшін іс қозғалуы керек. Сондықтан оның үстінен іс қозғадық. Қазір тексеру қорытындысы бойынша бұл фактіде қылмыс белгілері табылмағандықтан іс жабылды. Жекеменшік күзет қызметкерінің әрекеті заңды деп танылды», - дейді Қостанай облыстық полиция департаменті бастығының кеңесшісі Елена Каширина.
Сонымен қатар жараланған күдіктінің өміріне қауіп төніп тұрмағаны, қыз зорлығы фактісі бойынша тергеу ісі әлі жалғасып жатқаны белгілі болды.
Оқи отырыңыз: "Үшіншісі зорлап жатты". Қостанайда қыз зорлағандарды ұстаған күзетшінің өзі сотталуда