Алматыда екі ай жалақы алмаған жұмысшылар бас көтерді
Алматы қаласындағы "Ұлжан-2" шағынауданындағы жолды жөндеп жатқан жұмысшылар бас көтерді. Екі айлық жалақыны қолға әкеліп ұстатпайынша, олар жұмысқа да шықпайтындарын айтты, деп хабарлайды Zakon.kz Almaty.tv арнасына сілтеме жасап.
"Мұнда жыл аяғына дейін 21 көшедегі жөндеу жұмыстары аяқталуы керек еді. Әзірге жоспарланған жұмыс тек жартылай ғана біткен. Жұмысшылар еңбекақыны алмағанша орнымыздан қозғалмаймыз дейді. Олардың басым бөлігі қалаға Оңтүстік өңірден келген. Барлығы - үйінің жалғыз асыраушысы", - дейді телеарна тілшісі.
"Осы жерге жұмысқа тамыздың 15-де келгенмін. Содан әлі айлық алған жоқпыз. Тамақ, жататын жер осы жерден. Бірақ әлі қолымызға айлық түскен жоқ", – деді мердігер компания жұмысшысы Қайрат АЙНАҚҰЛОВ.
"Бізге басында әр айдың 10-ына дейін береміз деп уәде берген. Енді 10-ынан асып кетті қазір. Бәріміздің несиеміз бар. Сонау Қызылода облысы, Қазалы ауданынан осы жерге жұмыс істеуге келдік", – дейді жұмысшы Ізет МҰРАТОВ.
Ал, мердігер компания басшылығы орнында болмай шықты. Жұмысшылардың келсін деген өтінішін де елемеген. Жиналған жұрттың сұрақтарына компанияның жалғыз өкілі, құрылыс тобының бригадирі жауап қатты. Алайда оның сөзінше, жалақы тек 10 күн берілмей қалған. Мұндай жағдай бірінші рет
"Біз тек бір айдың жалақысын беруіміз керек. Аумақ басшысы жұмысшыларға аванс беру үшін кеңсеге кетті", – дейді "Дәулет-дорстрой" ЖШС құрылыс бригадасының басшысы Айбар ӘУБӘКІРОВ.
Құрылысшылардың сөзінше, жалақының берілмеуіне қаржылай қиындықтар себеп болған. Тапсырыс беруші қалалық мобильділік басқармасы қаржыны толық аудармаған дейді. Сол себепті біздің еңбекақымызды кешіктіріп жүр дейді жұмысшылар. Ал басқарма белгіленген қаражат мердігер компанияға уақытылы аударылғанын алға тартуда.
"Дәулет-дорстрой" ЖШС ішкі мәселесіне қатысты ештеңе айта алмаймын. Мердігер компания Ұлжан-2 шағын ауданында жол құрылысын жүргізіп жатыр. Жүргізілген құрылыс жұмысына сай қаржы игерілген. Қазіргі таңда біздің тарапымыздан берілген өтініш бойынша республикалық бюджеттен қаражат бөлінеді деп күтілуде. Оған қоса, жергілікті бюджеттен қосымша қаржы қарастырылады деп жоспарланып отыр", – деді Алматы қаласы Мобильділік басқармасының бөлім басшысы Асан БОСТАНОВ.
Құрылысшылардың жалақысы нақты қашан берілетіні белгісіз. Соның кесірінен Ұлжан-2 шағын ауданындағы құрылыс жұмысы да бірнеше мерзімге шегеріледі. Мұндай қарқынмен Алатау ауданындағы бірнеше көшеге сапалы жол әзір төселмейтін сыңайлы.