Полицейді көлігімен сүйреп, қызметтік көлікті соққан күдікті ұсталды
Алматы облысында полиция қызметкерінің заңды талабына бағынбай, оны көлігімен сүйреп, тәртіп сақшыларының қызметтік автокөлігін соққан күдіктінің тұлғасы анықталды. Оқиға орынан бой тасалаған күдіктінің 52 жастағы жергілікті тұрғын екені белгілі болды, деп хабарлайды Zakon.kz облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аталған дерек 26 қазанда Еңбекшіқазақ ауданында орын алған. Тәртіп сақшылары "Алматы-Көкпек-Көктал" автожолында "Мерседес-Бенс" көлігін кәмелет жасқа толмаған жасөспірімнің Байтерек ауылының маңында иесіз тастап кеткенін анықтаған. Көп ұзамай оқиға орнына келген көлік иесі полицейлерге түсіндірместен көлікке мініп, қашып кетпекші болған.
"Полиция қызметкері жүргізуші әрекетіне бөгет жасамақ болған. Алайда, оны 50 метрге дейін сүйреп, полицейлердің қызметтік көлігін соғып, оқиға орнынан қашып кеткен. Күдікті, 52 жастағы жергілікті ауыл тұрғыны анықталып, ол ұсталды, жергілікті полиция бөлімшесіне жеткізілді. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 379-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", - деп хабарлайды Алматы облысы ПД баспасөз қызметі.
Қылмыстық істің тергеу амалдары Алматы облысы Полиция департаментінің ерекше бақылауына алынды. Дене жарақатын алған полиция офицеріне медициналық көмек көрсетілді және ол өз жұмысын жалғастыруда.
"Көлік басқаруға рұқсаты жоқ кәмелетік жасқа толмаған жасөспірім көлікті басқарғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. "Мерседес Бенс" автокөлігі тәркіленіп, арнайы автотұраққа орналастырылды", - деп толықтырды полиция қызметкерлері.