Алматы облысында біреудің 274 қойын айдап әкеткен ұры ұсталды
Жамбыл ауданының полициясына аудандағы шаруақожалықтан 274 қойдың ұрланғаны туралы хабар түскен. Тәртіп сақшылары қылмысқа қатысы бар тұлғаларды анықтауға бағытталған жедел іздестіру шаралары барысында бір тәулік ішінде күдікті азаматты анықтады, деп хабарлайды Zakon.kz облыстың полиция департаментіне сілтеме жасап.
"Аудандық полицейлер жүргізген анықтау шаралары барысында 28 жастағы ауыл тұрғынының осы қылмысқа қатысы бары анықталды. Оның үйіндегі қорадан, сатып алушылардан ұрланған қойлардың бір бөлігі тәркіленіп, иесіне қайтарылды. Дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда. Тәртіп сақшылары күдіктінің сыбайластарын анықтайтын болады", - деп атап өтті облыстық ПД баспасөз қызметі.
Алдын ала тергеу барысында зардап шегушіге 8 миллионнан астам теңге шығын келтірілгені анықталды. Тергеу барысында қойлардың амандығына жауапты малшылардың да қатысы бары анықталатын болады.
Полиция таратқан ақпарат бойынша, мал иесі мен малшы арасында заңды келісім болмаған жағдайда, жауапкершілік болмаудан түрлі заңбұзушылықтар орын алуы мүмкін. Осы мақсатта облыс аумағында тәртіп сақшылары ұсынған "Малшы – мал иесі – атқарушы орган" атты әлеуметтік жобасы жұмыс істейді. Аталған жобаның басты мақсаты – мал иесі мен малшының жауапкершілігін арттыру және барымташылар үшін оңай олжа болатын қараусыз малды бақташысыз қалдырмау. Осы кезге дейін облыста бес мыңға жуық адам бағдарлама бойынша келісімге келіп, өз мүлкінің амандығын қамтамасыз етті.
"Малшы – мал иесі – атқарушы орган" бағдарламасы қабылданғалы жайылымдағы малдың жоғалу дерегі едәуір азайды. Салыстырмалы түрде, 2017 жылы 460 жуық дерек тіркелсе, биыл жайылымнан жоғалған мал бойынша 148 факті орын алды.
Айта кетейік, облыста биыл тәртіп сақшылары 59 барымташылар тобйын құрықтап, олардың 131 қылмысқа қатысы барын дәлелдеген. 700 жуық қолды болған малды иелеріне қайтарған, 80 миллион теңгеге жуық материалдық шығын өндірілген.