Жездесімен қашқан оқушы қыз: павлодарлық зейнеткер полициядан көмек сұрады
Алты айдан бері павлодарлық зейнеткер үйінен қашып кеткен немересін іздеуде. Ол кәмелетке толмаған жасөспірімді жездесі басын айналдырып алғанын айтады, деп хабарлайды Zakon.kz "Еуразия" Бірінші арнасына сілтеме жасап.
Галина Денисова немересінің мінез-құлқындағы өзгерістерді бірден байқамаған. Кеше ғана ойыншықпен ойнап жүрген 15 жасар Виолина кенеттен еркек пен әйелдің қарым-қатынасына қызығушылық таныта бастапты. Сөйтіп бір сәтте "пісіп-жетіліп" шыға келген.
- Мектепке инспектор келіп сұрастырған ғой. Сөйтсе мектеп психологынан ол бірде: "Егер мен ересек адаммен жатсам не болады", деп сұрапты, - дейді кәмелетке толмаған баланың қамқоршысы Галина Денисова.
Ересек өмірдің пердесін ерте түрген жасөспірім өзінің тәтесінің күйеуін қосағы етіп алыпты. Бастапқыда үлкен отбасы бір шаңырақ астында өмір сүрген, көп ұзамай 36 жастағы ер адамның балдызына көңілі ауады. Ақырында қос ғашық 2019 жылдың мамыр айында Ресейге қашып кетеді. Ал үйде жасөспірімнің апасы мен екі баласын құшақтап тәтесі қала береді.
- Өткенде байланысқа шықты. Көзі ісіп кеткен. Сүйіктің саған не сыйлады деп сұрадым. "Сырға сыйлады, менде бәрі жақсы", - дейді жыламсырап. Ол желіде парақша да ашып, төбесіне "Біз - бақытты адамбыз" деп жазып қойыпты, бірақ мен одан бақыт көре алмадым. Ол өте қу адам, баламның басын қатырып жүр, - дейді Галина Денисова.
Галина Денисова - Виолинаның ресми түрде қамқоршысы. Қыздың анасы ата-ана құқығынан айырылған. Қазір немересі қайда екенін зейнеткер әйел білмейді. Кейбір мәліметтер бойынша, ол Ресейдің бір өңірін паналаған болуы мүмкін.
- Полиция кәмелетке толмаған жасөспірімнің қайда тұрып жатқанын анықтау үшін жедел-іздестіру шараларын жүргізуде. Сонымен қатар, барлық қызметкерлерге осы фактіге байланысты нұсқаулық берілді, - дейді облыстық полиция департаментінің баспасөз өкілі Алма Мұсабекова.
Ал жасөспірім болса, өзін іздемеуді, емін-еркін өмір сүруіне мүмкіндік беруді сұрайды. Бірақ Виолинаның әжесі немересіне мұны қасындағы еркек айтқызып отыр, әйтпесе ол ересек өмірге әлі дайын емес деп санайды.