Кісі қаққан полиция қызметкерінің қолына жиналыс үстінде кісен салынды
Орал қалалық полиция бөлімінің жеке құрамы қатысқан офицерлер жиналысында учаскелік полиция инспекторының көмекшісі жасаған заңсыздық сынға алынды, деп хабарлайды zakon.kz БҚО ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
БҚО полиция департаментінің тәртіптік комиссиясының шешімімен 1990 жылғы жас әйелді көлігімен қағып, мерт қылған учаскелік полиция инспекторының көмекшісі ішкі істер органдарынан қуылды. Оған қоса, жиында БҚО ДП пен Оралық қалалық полиция бөлімінің бірқатар басшылары тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
- Жеке құрамның алдында ол тұтқындалып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта оған қатысты ҚР Қылмыстық кодекстің 345-бабының 3-бөлігі, яғни "Көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол ережесін бұзуы немесе көлік құралдарын пайдалану, абайсызда адам өліміне соқтыруы" бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. БҚО ДП бастығы мінедетін атқарушы, полиция полковнигі Серік Сүйінбаев мұндай фактілерге полиция қызметкерлері арасында мүлде жол бермеу керектігін баса атап өтті. Кез келген құқық бұзушылық үшін полиция қызметкер заң бойынша жауапқа тартылады. Сондай-ақ, ол Ішкі қауіпсіздік басқармасына жеке құрамдағы адамдарды бақылауды күшейтуді тапсырды, - дейді полициядағылар.
7 желтоқсанда Audi B4 көлігін тізгіндеген полиция қызметкері Chevrolet Lacetti көлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан 29 жастағы әйел алған жарақаттарынан ауруханада қайтыс болды.