Алматы облысында жүк көлігі жеңіл көлікті "мыжи" салды
Алматы облысында 19 желтоқсанда таңертең жол апаты болып, екі адам көз жұмды, деп хабарлайды zakon.kz.
Жол апаты таңғы сағат 8 шамасында Караой және Чапаев ауылдарының арасында болған.
Mitsubishi Galant Чапаевқа қарай бет алып келе жатқан. Жолдың дөңес әрі қысқа бұрылысына келгенде қарсы бетте келе жатқан жүк көлігінің тіркемесі шайқалақтап, артынан көп тонналы жүк көлігінің өзі де сырғанай жөнелген. Бұған көктайғақтың себеп болуы мүмкін. Салдарынан жүк көлігі қарсы беттегі Galant көлігін киіп кеткен.
Соғылған көліктер екі жаққа ұшқан. Күшті соққыдан Galant бүктеліп қалған.
Апат салдарынан жеңіл көліктің жүргізушісі мен жолаушы қайтыс болды. Тағы бір жолаушы ауруханаға шұғыл жеткізілді.
Апаттың барлық жағдайларын Алматы облысының полиция қызметкерлері тексеріп, анықтап жатыр.