Өзінің 20 сиыры бар ауыл тұрғыны біреудің 11 сиырын ұрлады
Аталған дерек биыл 16 наурыз күні Ақсу ауданының полициясында тіркелді. Полицияның кезекші бөліміне Жаңалық ауылының тұрғыны 11 бас ірі қарасының қолды болғанына арызданған, деп хабарлайды zakon.kz.
"Жедел-іздестіру шаралары қабылданып, нәтижесінде Сарқан ауданының 49 жастағы тұрғыны аталған қылмысқа қатысы бар деген күдікке ілінді. Тергеу барысында ол қылмысын мойындап, шаруа қожалықта малшы болып қызмет еткенін жеткізді. Күдікті өзінің және сеніп тапсырылған малды жайып жүргенде қараусыз жүрген сиырлардың алғашқы күні 5, келесі күні 6 басын қолды қылған. Жымысқы жоспарын толығымен жүзеге асыру мақсатында ұрланған 11 сиырды Сарқан қаласына айдап барып, қарыз алған екі адамға берген. Сөйтіп өзінің қарыздарын қайтарған", - деді Ақсу ауданы Полиция бөлімі бастығының орынбасары полиция майоры Алмас Сыдықов.
Тәртіп сақшылары іздестіру барысында тек үш сиырды тауып, заңды иелеріне қайтарды. Барымташы өз сиыры ретінде бергеніне сенген қарыз берушілер сегіз сиырды сойып, олардың етін сатып жібергені анықталды. Ең қызығы, өзгенің малын ұрлап жүрген барымташының өз иелігінде 20 сиыры бар екені анықталды.
"Бұл қылмыстың екінші жағы бар. Мал иелері өздерінің жиған-тергенін біреуге тапсырып, бақылаусыз қалдырады. Осыған орай, барлық тұрғындарды өз малдарына мұқият қарауға және мал ұрлығының алдын алу шараларын қабылдауға шақырамыз", - деп толықтырды майор Алмас Сыдықов.
Аталған қылмыс бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті азамат уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды.Алматы облысы ПД баспасөз қызметі