Ауылда су жоқ. Жаңатұрмыс халқы көтеріліп, жолды жапты
Алатау бөктерінде, керісінше, жолды жұртшылықтың өзі жауып жатыр. Осылайша ауыл халқы жергілікті билікке өздерінің бар екенін, тірі екенін жеткізбек. Өйткені тұрғындар талай жылдан бері тұщы судың зардабын тартуда. Зардап дегенде су таза емес деп ойламаңыздар. Су жоқ. Атымен жоқ. Бау-бақшаны суару туралы айтпай-ақ қояйық. Ұзақ жылдан бергі түйткіл тура карантин кезінде түйінделе түскен.
Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Бұл - Алматы облысына қарасты Жаңатұрмыс ауылы. Қаңсып отырған тұрғындарға карантин де тосқауыл болмай тұр. Ауыз судың тапшылығын тартқан жұршылық қалаға кіріп-шығатын жолдың бірін жабуға тырысып баққан. Өйткені, осы ұзақ жылдан бері келе жатқан мәселе әлі күнге дейін шешімін таппаған.
Гүлмира, ауыл тұрғыны:
"Су жоқ. 2 апта болды су жоқ. Мен осы Алматыға көшіп келгелі 22 жыл болды. Содан бері осы судың проблемасы ғой Жаңатұрмыста. Биыл қыста да су болмады. Жазды қоя бер, қыста да су болмады арасында".
Шамамен 6 мыңға жуық тұрғыны бар ауылдың тыныс тіршілігі қазір сап тыйылған. Жеміс-жидек, көкеністерді суару былай тұрсын, күнделікті тұрмыста пайдаланатын тіршілік нәріне жетудің өзі арманға айналыпты. Естір құлақ болмаған соң, айтқан сөзіміз де далада қалып жатыр, дейді. Алайда, мамандар бұл мәселенің шешімін таптық деп хабарлады. Тапшылықты жою үшін, шаһардан қосымша ауыз судың көлемін арттыруды сұраған екен.
Бауыржан Айнабеков, "Таусамалы қызмет" Мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын директоры:
"25-нен "Алматы Су" холдингімен келісім-шартқа отырып, сол Алматы қаласынан қосымша 1000-1500 куб су сатып алатын болдық. Келісімге отырдық. Сол суды қазір Жаңатұрмыс ауылына бұрып, суды қосып қойдық. Біз ауылды екіге бөліп жоғары және төмен жаққа графикпен суды күнде беріп жатырмыз. 12 сағат бір жерде, екінші жаққа тағы 12 сағатқа бөліп екінші жағына да беріліп жатыр".
Ал, мынау атқамінерлердің жауабынан кейінгі көрініс. Көпшіліктің қуанышы ұзаққа созылмады. Екі ауысыммен жұмыс істейтін құбырдан тұнық судың қашан шығатыны да белгісіз. Қазіргі уақытта тұрғындар амалдың жоқтығынан сылдырап аққан суды тұндырып, пайдасына жаратуға тырысуда. Алайда, енді мұның денсаулыққа зияны тие ме деп қауіптенуде.