Улы цианидтан көз ашпай қалған бестөбеліктер: Біз ақырындап қырылып жатырмыз!
Ақмола облысындағы Бестөбе ауылының тұрғындары алтынның азабын тартып отыр. Себебі, кен орнынан көтерілген шаң мен зиянды заттардың зардабы орасан. Ал қалдық жиналатын орын күннен күнге ұлғайып, жайылымға дейін сыналап кіріп кеткен. Бағыты жиі өзгеретін жел соқса, кеніштен көтерілген улы цианидті ауыл аумағына таратады, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Бестөбе маңындағы жайылым аумағы енді төрт түліктің отына жарамсыз. Себебі, алтын кеніштен шығатын қалдық осында үйіліп жатыр. Мал-жанынына уайымдаған тұрғындар талайдан бері шағымданғанымен, кеніште жұмыс жүргізетін "Қазақалтын" серіктестігі райынан қайтпапты.
Ахмет Жұмабеков, Бестөбе ауылының тұрғыны:
- Сол жердің бәрін қазып, цианид сақтайтын қалдық қойма салып жатыр. Бізбен ақылдаспайды, бізбен сөйлеспейді. Жиылыста өйтеміз-бүйтеміз дейді. Сол құр уәдемен қалады. Біз ақырын-ақырын қырылып жатырмыз. Мынау не қылған сұмдық?!
Бестөбенің айналасын тұтас қазып, қопарып тастаған. Тұрғындардың сөзінше, бұрынғы шахталық өндіріс доғарылған, себебі, шығыны тым көп екен. Ал осындай ашық өндіріс компанияның қалтасын қақпайды. Әрі екі-үш маман ғана жұмылдырылады. Кеніштегі жұмыс осыдан 9 жыл бұрын тоқтаған. Бірақ тұрғындардың айтуы бойынша, бұрғылау жұмысы қайтадан басталайын деп жатыр. Осындай кеніштерден ауыл тұрғындары зардап тартып отыр. Себебі, жерден көтерілетін шаң, зиянды заттар айналаны улап біткен. Тұрғындардың налитын тағы бір тұсы – кеніштерге жұмылдырылған жұмысшылардың құрамы. Соңғы кезде сырттан әкелінген мамандардың саны еселене түскен. Бірақ өндірісте 1500 жұмысшы болса, компанияның дерегінше, соның 10 пайызы ғана сырттан келгендер. Бұл мәліметті ауыл азаматтары жоққа шығарып отыр. Ал ауыл әкімдігінің серіктестіктің жұмысына араласуға шамасы жетпейді.
Әсел Ысқақова, Бестөбе ауылы әкімінің орынбасары:
- Біз бақылаушы орган емеспіз. Сондықтан алтын өндірісімен айналысатын компанияның жұмысын тексеруге құқымыз жоқ. Бақылау, қадағалауды жүргізу тиісті органдардың құзырындағы шаруа.
Әкімдіктің сөзіне сеніп отырсақ, артынша компания өкілдері өтірігін шығарып бергендей болды. Олардың айтуынша, «осы жерге қалдықты төксеңдер болады» деп, жер телімін әкімдіктің өзі берген.
Рамиль Амандықов, "Бестөбе" кен байыту фабрикасының директоры:
- Қалдық жинауға арналған жер телімін сіздердің әкімдіктеріңіз берді. Бірақ, біз сұраған жер телімдерін бермеді. Әуелі ауыл адамдарының, ақсақалдарының қатысуымен қоғамдық талқылау өтіп, бұл шешім заңға сәйкес қабылданды.
Әкімдік пен фабрика өкілдері осылай кінәні бір-біріне тағып әлек. Екі ортада таяқ жеп отырған – халық. Компаниямен қызылкеңірдек болып шаршаған ауыл тұрғындары енді президент әкімшілігіне шағым жазып, амалдап көрмек.