Тараздағы төбелесте таяқ жеген бала ауруханада қансырап өлді
Тараздағы Шөлдала шағын ауданының жасөспірімдері демалыста ойран салды. Көрші ауылдың 16 бірдей баласы, 4 жеткіншекке әлімжеттік көрсеткен. Үшеуін пышақтап, біреуін таспен ұрып, тісін сындырған. Ауыр жарақат алған 15 жастағы бозбала ауруханаға жеткізілгенімен, көп ұзамай қайтыс болды.
Ал, марқұмның ет жақындары баламызға тиісті деңгейде көмек көрсетілмеді, дейді. Оқиға куәгерлерінің сөзінше, даудың басы көрші ауылдың қызынан басталған. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Тараздағы Шөлдала шағын ауданындағы жасөспірімдердің жаппай төбелесі дәл осы каналдың түбінде болған. Күндіз егіс алқабында сөзге келіп қалған бір топ бала, кешкісін мәселені жұдырықпен шешуге уағдаласқан. Түн жартысынан ауған уақытта осы маңдағы төрт балаға көрші көшенің 16 жеткіншегі жабылып, сан басымдылығына ие тарап, әлсіздерді төмпештей жөнелген.
Бейсенбай Құтышев, марқұмның әкесі:
"Балдар мына стадионға шығып, кешкілік кішкене серуендеп келетіні бар еді. Мен өзім жұмыстамын. Сол жерде 4 бала болып отырған. 16 бала келіп, сол төртеуіне жабылған ғой. Жабылғанда сол төртеуінің үшеуін пышақтаған. Бір баланы таспен ұрған. Мұрындары сынып, еріндері жыртылып, тістері сынған".
Жаппай төбелесте, төрт бала да оңбай таяқ жеген. Үшеуі пышақталса, бір жеткіншектің мұрны мен тісі сынған. Ал, Бейсенбай ағаның болашағынан зор үміт күтіп отырған перзенті, ауыр жарақат салдарынан небәрі 15 жасында көз жұмды. Қайғыдан қан жұтқан әкесі, балама дер кезінде медициналық көмек көрсетілмеді, - деп налиды. Тіпті, дәрігерлер, көп қан жоғалтқан балаға, донор таппай біраз сергелдеңге түсіпті.
Бейсенбай Құтышев, марқұмның әкесі:
"Сонымен қаттырақ айқайлап айттым. Олай деп сөйлеуге болмайды, - деді. Сол жерде бір полиция қызметкері отырды. Бұл заңға қайшы, - деді. Ал, адамгершілікке не дедім? Адамгершілік деген заңда көрсетілмеген, - деді. Жоқ па ол деп едім: заңда жоқ адамгершілік деді. Тек заң бар деді. Мен соны естіп қайттым. Біздің больницадан да қайыр кеткен болып тұр. Сөзден де мән кеткен болып тұр. Ауыздан дуа кеткен болып тұр. Өзімізден қасиет кеткен болып тұр, жалпы".
Жасөспірімге ешқандай көмек болмағанын, аурухананың есігін таңға дейін күзеткен туыстары да растап отыр. Тіпті, ас-су батпай жатқан ата-анасына дәрігерлер белгісіз бір құжатқа қол қойдырып алыпты. Оны оқып танысуға да мұрша болмады, - дейді жақындары.
Жексенбай Құтышев, марқұмның әкесі:
"Ешқандай көмек болмады балаға шындығында. Сөйтіп қансырап өлді бала. Ол анық нәрсе. Полиция қызметкерлерінің айтып жатқан біреуінің сөзін естіп қалдым. Бір бала пышақтаған екен. Бір бала 3 адамды қалай пышақтайды ол? 16 адам келіпті. Қалғандары, жазықсыз екен, - дейді. Қалай ол жазықсыз болады? 16 адам келіп жабылып тұр ғой 4 балаға. Оның үшеуі пышақталған. Біреуін таспен ұрып, тісі сынып, ерні жыртылып жатыр".
Сол жаппай жұдырықтасудың басы-қасында болған жеткіншектер, мұндай төбелес бұл ауданда жиі болып тұратынын айтады. Тіпті, жоғары сыныптың оқушылары, жасы кіші балаларға әлімжеттік көрсетеді екен. Ал, бұл өзіндік бәсеке, қыз үшін болған көрінеді. Өздерінің бұрымдысына қырындағанын біліп қойған көрші ауылдың жігіттері Шөлдала баласының сазайын тартқызуға келіпті.
Ділмұрат Әбдімұратов, оқиға куәгері:
"Санжар мен Асылжан екеуі Оралды ұстап алған. Мен Зиналдин деген баланы ұстап алдым, осы жерге келіп құлады. Сосын ары қарай Оралды алып кеттік. Пышақтап болған соң олар қашып кетті. Ерегіс ол, бір қыз үшін болған. Бейбарыс деген балаға келген олар. Сосын біздің балаларды шақырып алған. Сосын келген олар, біз 3-4 баламыз. Ерегісіп кеткен осы жерде".
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қазір төбелеске қатысқан барлық балалардан жауап алынған. Ал, пышақтаған бозбала өз қылмысын толық мойындап, қазір уақытша қамау изоляторына жабылған. Оның үстінен қылмыстық кодекстің "Адам өлтіру" бабы бойынша іс қозғалыпты.
Гүлсара Мұхтарқұлова, Жамбыл облыстық ПД баспасөз хатшысы:
"Жедел іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері жасөспірімдердің бір-бірімен ерегісіп, төбелесу салдарынан жарақат алғанын анықтады. Күдікті ұсталып, Тараз қаласындағы уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Бірқатар сараптамалар тағайындалды".
Ажал құшқан жеткіншек қаладағы 59-шы мектептің оқушысы болып шықты. Оны кеше туған-туыстары арулап жер қойнына тапсырды. Қапияда перзенттерінен айырылған ата-анасы кінәлілер заңмен қатаң жазаланғанын қалайды.