Өгей әке 8 жастағы баланың қолын пешке басып, аяғын сындырды
Биылғы жылдың 6 айында елімізде 125 бала зорланып, 14 бүлдіршін көз жұмған. Көбі тұрмыстық зорлық зомбылықтың құрбандары. Мәселен, Ақмола облысында өгей әкесі баласының қолын пешке басып, аяғын сындырған. Озбырлыққа шыдай алмаған бүлдіршін бар шындықты мамандарға айтып берді, деп хабарлайды zakon.kz Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
8 жастағы Алидар өзінің денесіндегі сол бір қорқынышты күндерден қалған белгілерді көрсетіп жатыр. Қатарластарымен бірге алаңсыз асыр салып ойнағанның орнына бір айдан бері қолдау орталығын паналауда. Себебі, өгей әкесінен көрген озбырлыққа шыдай алмапты.
"Үйге барғың келеді ма? Жоқ. Неге барғың келмейді? Мен олардан қорқамын. Өйткені, олар мені ұрып тастады ғой. Бірнеше рет ұрды ма? Иә".
Бала өгей әкесінен бірнеше жылдан бері таяқ жегенін айтады. ТІпті, берілген жұмыстарды орындамадың деп, белдікпен сабап, қолын ыстық пешке басқан күндер де болған екен. Соңғы рет аяғын сындырыпты. Әбден қиналған бала бірнеше ай гипспен жүрген. Бір өкініштісі, осының барлығын өз көзімен көрген туған анасы, бір ауыз күйеуіне "қой" деп айтпаған көрінеді. Сондықтан, Алидардың әжесі немересін өз қамқорлығына алғысы келеді.
Күлай Кушенова, баланың әжесі:
"Баланы қанша уақыт ұрып соққанын дәлелдей алмаймын. Бірақ, барғанда бала қорқып, столға жоламайды. Постоянно шрам болады. Сұраймыз мына балаға не болды?, - деп. Десек, ой анда соғып алды, мұнда соғып алды дейді. Солай болып жүрді".
Кәмелетке толмағандарды қолдау орталығы мамандарының сөзінше, Алидар келген кезде денесінде сау тамтық жері болмаған. Үрейленген бала, алған жарақаттарының бірін қалдырмай айтып берген.
Жанна Анапина, облыстық "Шанс" кәмелетке толмағандарды әлеуметтік-психологиялық құқықтық қолдау орталығының психологы:
"Баланы біздің орталыққа ювеналды полиция өкілдері жеткізді. Келген бетте кәмелетке толмаған жеткіншектің денсаулығы нашар болды. Денесінде көгерген жерлері, тыртықтар бар еді. Өткен жылы әкесі аяғын сындырған. Сол әлі күнге дейін дұрыс жазылмай, бала оң аяғын ауырсынып басады. Бүлдіршін өте қатты стресс алған. Мамандармен тіл табысуы қиын болды. Қазір ортаға үйреніп келеді".
Дәл осыған ұқсас жағдай өткен аптада Оралда да тіркелді. Ішімдікке тойып алған өгей әке баласын дәретке дұрыс шықпағаны үшін өлімші етіп сабаған. Бүлдіршіннің қатты соққыдан басы жарақаттанып, ауруханаға жеткізіліпті. Бірақ, көршілері отбасы үлгілі жандардың қатарында еді, - дейді.
Нина Запраметова, отбасының көршісі:
"Отбасы жөнінде жаман сөз айта алмаймын. Ортақ кішкентай баласы жақында ғана дүниеге келді. Әйелі де өте жақсы адам, бір-бірімен ренжіскендерін байқамаппын. Ішпейтін, шекпейтін қарапайым адамдар ретінде білемін".
Ал, құқық қорғау органдары баланы сабаған күдікті бірнеше іс бойынша бұрын жауапқа тартылған азамат екенін айтып отыр. Аяуандыққа барған әке пробациялық бақылауда жүріпті. 4 жылға сотталып, мерзімінен бұрын бостандыққа шыққан көрінеді. Қазір, озбырлыққа барған азамат қамауға алыныпты.
Мәдина Құспанова, облыстық Полиция департаменті Ювеналды полиция бөлімінің аға инспекторы:
"Орал қаласында 1988 жылғы азамат өзінің 2,5 жастағы өгей баласына дене жарақаттарын салған. Іс материалдарын қарай келе, оған дейін бүлдіршін үйде ұйықтап жатқаны анықталды. Әжетханаға сұранған баланың өз киімін бүлдіргенін көрген өгей әкесі, ұлын аяусыз соққыға жыққан. 2017 жылғы сәби ауыр жағдайда жансақтау бөліміне жеткізілген. Ізін ала күдіктінің үстінен қылмыстық іс қозғалып, уақытша терге изоляторына жабылды".
Бала құқығы жөніндегі экс-уәкіл, мәжіліс депутаты Зағипа Бәлиева сұмдық статистикамен бөлісті. Биылғы жарты жылдың өзінде кәмелет жасына толмаған 1 068 бала зорлық-зомбылықтың құрбаны болған.
Зағипа Балиева, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты:
"Өкінішке қарай, оған қарамастан, тағыда қоғамда өгей әкелер, өгей шешелер, балаларға зорлық-қомбылық көрсетіп жатыр. Біріншіден, олар жасалғанда ешкім білмейді, жауапқа тарту мүмкіндігі жоқ. Ал, аналарға келетін болсақ, олар өкінішке орай кейбір кезде өгей әке баланы ұрған кезде баланы қорғамай ер азаматтың сөзін сөйлейді. Менің ойымша олай болмау керек. Әрқашан ана баланы қорғап, баланың жағдайын жасап, ондай жағдай болса ер азаматты жауапқа тарту керек".
Ал, 8 жастағы Алидардың анасы ата-аналық құқығынан айырылып, бала әжесінің тәрбиесіне берілуі мүмкін. Оралдағы сәби қазір ауруханада жатыр.