Өз күйеуін тапсырыспен өлтірген шымкенттік әйел сотталды
Шымкентте өз күйеуін тапсырыспен өлтірген келіншек сотталды. Қаладағы мектептердің бірінде психолог болып жұмыс істеген ол жолдасының көзін құрту үшін 1 миллион теңгеге туған жиені арқылы «киллер» жалдапты. Сөйтіп, отағасын жұмыстан қайтып келе жатқанда, 5 жерінен пышақтатып өлтірткен. Бірнеше мәрте сотқа дейінгі тергеу амалдары кезінде, қылмыскерлердің барлық іс-әрекеттері дәлелденіп, ұзақ жылға түрмеге жабылды, деп хабарлайды zakon.kz Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
Сәмиддин Темірәлиев, судья:
Дәриева Тамара Тұрғынбаевананы, қылмыстық кодекстің 16 шілде 1997 жылғы нұсқасы бойынша, 28 бабының 3-ші бөлігі, 96 бабының 2-ші бөлігінің «ж», «з» тармақтарымен кінәлі деп тауып, оған 14 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын қолданды. Ал, Тілеубергенов Жеңіс қылмыстық кодекстің 1997 жылғы нұсқасы бойынша 96 бабының 2-ші бөлігі «ж», «з» тармақтарымен кінәлі деп танылды. Оған осы аталған қылмысты жасағаны үшін 16 жыл мерзімге бос бостандығын айыру жазасы тағайындалды.
Ал, тапсырысты орындаушы адамды тапқаны үшін келіншектің жиені 7 жылға сотталған. Айта кетейін, бұл оқиға 2012 жылы болған. Ерлі-зайыптылар арасында жиі жанжал туындай берген соң, жұбайы күйеуін өлтірткен. Алайда ауыр қылмыс 8 жыл дегенде ашылған. Оның өзінде әлгі әйелдің жиені қаза тапқан жездесін жиі-жиі түсінде көре берген соң, полицияға өзі барып моындаған екен. Ал, бұл аралықта тапсырыс беруші келіншек жәбірленуші ретінде өтіп жүрсе, «киллер» мұнан бөлек тағы 2 адамды өлтіргені үшін түрмеде отырған екен. Ерлі-зайыптылардың 2 қызы бар.