Теміржолда жылқы жайған Павлодар облысының тұрғыны жазаланды
Тоқыбай-Үшқұлын станциясының аралығында жүк пойызының машинисі теміржолда жылқы үйірі болуына байланысты шұғыл тежеу қолданған. Бірақ бәрібір қағып өтіп, нәтижесінде 5 жылқы өлді, деп хабарлайды zakon.kz Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Пойыздың тоқтап тұруы 30 минутты құрады.
Локомотивтердің зақымдануы, пойыздардың кешігуі, қозғалыс кестелерінің бұзылуы – бұл темір жолдың бойында бақылаусыз мал жаюдың салдары. Мұның бәрі теміржол көлігіне материалдық зиян келтіріп, жолаушылардың өміріне тікелей қауіп төндіреді, сондай-ақ төтенше жағдай туғызады. Бүгін біз тағы да үй малдарының иелерін жоғары қауіпті аймақта болмауына және жайылып кетуіне жол бермеу үшін жауапкершілікке шақырамыз, - деді Көліктегі полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Сағындық Маимишев.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Екібастұз станциясындағы Желілік полиция бөлімшесінің полиция қызметкерлері үй жануарларының иесі болып табылатын Павлодар облысы Майқайың станциясының 56 жастағы тұрғынын анықтады.
Ер адам ҚР ӘҚБтК-нің 559-бабының 1-бөлігі, яғни, темiржолдардың бөлінген жолағында мал жаю қағидаларын бұзу бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған қатысты әкімшілік хаттама толтырылды, - деді полиция подполковнигі.
Көлік полицейлері 2020 жылы пойыздардың шұғыл тежелуінің 2523 фактісі тіркелгенін еске салады, оның ішінде адамдардың болу себебі бойынша - 557, теміржол тесемінде малдың болуына байланысты - 1873. Сондай-ақ темір жолдарға бөгде заттарды қоюдың 3 фактісі тіркелді.