Жаңаөзенде мұнай компаниясы жұмысшылары жалақысын көтеруді талап етуде
Жаңаөзенде "ӨзенМұнайГаз" АҚ-қа транспорт қызметін көрсететін "МұнайСпецСнаб" ЖШС мердігерінің 30 көлік жүргізушісі наразылық акциясына шықты. Олар жалақыларын және жұмыс сағатын көбейтуді талап етеді, деп хабарлайды zakon.kz.
Lada.kz басылымы алдында Жаңаөзен мұнай компаниясының жұмысшылары наразылық акциясына шығып, жалақыларын көтеруді және жұмыс кестесін реттеуді талап еткенін жазған.
Осы жайтқа қатысты бүгін Жаңаөзен әкімдігі толығырақ мәлімет берді. Бұл "ӨзенМұнайГаз" АҚ-қа транспорт жағынан қызмет көрсететін "МұнайСпецСнаб" ЖШС мердігерінің 30 көлік жүргізушісі екені белгілі болды. 2020 жылы өткен жылмен салыстырғанда қызметкерлердің күнделікті жұмыс жүктемесі 10-нан 9 сағатқа дейін қысқарған.
Жүргізушілер жұмыс уақытын 10 сағатқа дейін ұзартуды және бір сағаттық жалақыны 1400 теңгеге дейін көтеруді сұрады. Қазір олар сағатына 1200 теңге алады.
Әкімдік "МұнайСпецСнаб" ЖШС және "ӨзенМұнайГаз" АҚ өкілдері жұмысшыларымен кездесті. Олар "МұнайСпецСнаб" ЖШС "ӨзенМұнайГаз" АҚ-қа транспорт жағынан қызмет ұсыну бойынша тендерді ұтып алғанын түсіндірді. Конкурс талаптарына сәйкес, сондай-ақ келісімшарт бойынша жұмыс күнінің ұзақтығы 9 сағат деп көрсетіледі. "МұнайСпецСнаб" ЖШС директоры Ерлан Сабиев компания жұмысшылардың талаптарын орындай алмайтынын айтты.
Қазір түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Әкімдік наразылық акциясына шыққан жүргізушілердің барлығы Жаңаөзен қаласының тұрғындары екенін атап өтті. Олардың орташа жалақысы 250-290 мың теңгені құрайды.