Жаңалықтар тізбегі
0

Оқыстан қаза тапқан бес баланың туыстары көпшілікке үндеу тастады

видеодан алынды, сурет - Zakon.kz жаңалық 23.02.2021 17:03 видеодан алынды
Қаралы отбасының уәжін жеткізген Саидмұхаммед Әбдумәліков: "Бұл біздің бірінші әрі соңғы мәлімдемеміз болса" - дейді.

Жамбыл облысында оқыстан қаза тапқан бес баланың туыстары телеарна арқылы көпшілікке үндеу тастады, деп хабарлайды zakon.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Ондағы мақсат - қайғыдан қан жұтқан ата-ананы қорғап-қолпаштау.

Жамбыл облысында болған жағдай ел тұрғындарының қабырғасын қайыстырғаны жасырын емес. Үш күннен бері қайғыдан қан жұтқан отбасыға жер-жерден көңіл айтылып жатыр. Бірақ оқыс оқиғаға анасын, қала берді әкімдікті айыптаған секілді түрлі сыпсың сөз жанды ауыртып барады, - дейді қаза тапқан балалардың туыстары. Тіпті арасында жалған мәлімет те тарауда. Сондықтан олар телеарна арқылы ақпаратты бұрмалаушыларға үндеу тастауға бел буған.

Саидмұхаммед Әбдумәліков, марқұм балалардың туысы:

- Әлеуметтік желідегі анау-мынау деп, сан-саққа жүгіртіп, қитұрқы іс жасап жатқандарға да айтарым: Тоқтатыңдар, осымен қоя қойыңдар. Біз соның бәрін естіген сайын жүрегіміз сыздап жатыр. Бізге берген көмектеріңіз сол болсын.

Қаралы отбасының уәжін жеткізген Саидмұхаммед Әбдумәліков: "Бұл біздің бірінші әрі соңғы мәлімдемеміз болса" - дейді. "Бұдан былай ешкім бізді мазаламағаны, жағдайға түсінікпен қарағаны дұрыс" деген пікірде. Сондай-ақ ол өрттің неден шыққанын айтып берді.

Саидмұхаммед Әбдумәліков, марқұм балалардың туысы:

- Өрттің болғаны – балалар ойнап сіріңкемен от жаққан. Содан болып тұр ғой. Басқа – электр тоқ, газ, буржуйка деп, біреулер шығып жатыр. Оның бәрі өтірік.

Қайғылы жағдай болған үйдің ауласы лентамен қоршалып, далада полицейлер күзетіп тұр. Өйткені пәтердегі өрттің неден шыққанын анықтау үшін іште тергеушілер үзіліссіз жұмыс істеп жатыр. Тек осы подьездің тұрғындарына ғана үйіне кіруге рұқсат. Ал белгілі болғаны, оқыс оқиға болған баспанаға бес баласынан айырылған отбасы оралмайды. Себебі, осы жерде тұру қайғыдан қан жұтқан жандарға ауыр соғатынын ескерген туыстары, ерлі-зайыптыны жаңа үйге қоныстандыруды ұйғарыпты.

Қаралы отбасы: "Бізге моральдық, психологиялық көмек болмаса, қаржылай қолдау қажет емес" - дейді. Дегенмен жылу жинауға ниет білдірген көпшілікке алғысын білдірді. Ал өздерінің де ерлі-зайыптыға баспана әперуге мүмкіндігі бар екен. Бірақ сонда да жас отбасыға демеушілер көмегімен пәтер берілетін болыпты.

Олжас Сайлаубекұлы, Жамбыл облысы әкімінің баспасөз хатшысы:

- Өңірдегі мемлекеттік қызметкерлер бір күндік жалақысын жолдайтын болды. Ата-анасына демеушілер есебінен үш бөлмелі пәтер берілді. Сарысу ауданының кәсіпкерлері баспанаға қажет жиһаз бен техниканы алып берді. Түрлі мемлекеттік емес қорлар мен 3 млн. теңгеден астам қаржы жиналып, материалдық көмек көрсетілді.

Үш күн бұрын Жаңатастағы көп қабатты үйдің бірінде өрт болып, үлкені 6 жаста, кенжесі 7 айлық бес бала түтінге тұншығып көз жұмған. Әкесі жұмыста, анасы дүкенге шығып кеткенде балар үйде қалған. Полицейлердің алғашқы болжамы – от сіріңкеден тұтанған. Қазір өрт қауіпсіздік ережелерін сақтамау бабы бойынша іс жүргізіліп жатыр. Сенбі күні марқұмдар жер қойнына тапсырылды. Ал бес перзентінен бірдей айырылған ерлі-зайыпты Үшарал ауылындағы туыстарының үйінде. Олар психологтардың жіті бақылауында.

zkadm
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: