"Астана" спорт клубының бұрынғы директоры сотталды
Нұр-Сұлтан қаласы Байқоңыр ауданының No2 соты "Астана" Президенттік кәсіпқой спорт клубы" Корпоративтік қоры" ФК-ның бұрынғы атқарушы директоры Аманбек Күлшіков пен "Astana Pro Team" велокомандасы жекеменшік мекемесінің атқарушы директоры Ләззат Шамшиеваға және басқаларға қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарды, деп хабарлайды zakon.kz.
Сот мәліметі бойынша, Күлшіков пен Шамшиеваға велоспортты дамыту үшін екі компанияға берілген 109 миллион теңгені иемденді деген айып тағылды, олар бұл ақшаны өздері, отбасы мүшелері және велоспортқа ешқандай байланысы жоқ басқа адамдардың турфирма арқылы авиатасымалдау агенттігінен алған билеттеріне жұмсау арқылы жымқырды деп айыпталады (Қылмыстық кодекстің 189-бабы, 4-бөлігі, 2-тармақ).
Сонымен қатар, олар А.Чигитаеваның делдалдығымен оқу-жаттығу жиындарын және қазақстандық велокомандаларға арналған басқа да іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу бойынша қызметтер ұсыну үшін "Astana Pro Team" жекеменшік мекемесі мен чех компаниясы арасында жалған келісімшарт жасасу арқылы 700 мың еуроны жымқырды деп айыпталды (Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-б.).
Сондай-ақ, Күлшіков ЖШС-мен электронды менеджмент және басқару жүйесін дамыту, тапсырыс беруші мен спорттық клубтары үшін бірыңғай веб-сайт жасау бойынша келісімшарт жасасуда 45,6 миллион теңгені жымқырды деп айыпталды (Қылмыстық кодекстің 189-баптың 2-тармағы, 4-бөлім, 2-тармақ).
Ал Шамшиеваға, өз кезегінде, ЖШС директоры К.Диханбаевтың көмегімен екі компанияға велосипедтер мен қосалқы бөлшектер жеткізуге бөлінген 102, 3 млн.теңге көлеміндегі қаражатты 2017-2019 жылдар кезеңінде "El Partners" ЖШС-мен жалған келісімдер жасау арқылы жымқырды деп айыпталды (Қылмыстық кодекстің 28-бабы 5-бөлігі және 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы).
Прокурор барлық айыпталушылардан 8 жылға бас бостандығынан, мемлекеттік және коммерциялық ұйымдарда жетекші қызметтер атқару құқығынан өмір бойына айыруды сұрады.
Қылмыстық кодекстің 189-бабы, 4-бөлігі, 2-тармағы белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына, мүлікті тәркілей отырып, 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны қарастырады. Сот үкімімен Шамшиева, Диханбаев және Чигитаева қаражатты талан-таражға салу жолымен жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды (барлық эпизодтар бойынша).
Іс бойынша Күлшіков әуе билеттері эпизоды бойынша өкілеттігін асыра пайдалануы тұрғысында кінәлі деп танылды, қалған эпизодтарда оның іс-әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылық болмауына байланысты ақталды. Сот айыпталушылардың бірінші рет қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын, келтірілген материалдық шығын толық көлемде өтелгенін, Күлшіковтың кәмелетке толмаған балалары болғанын ескерді; Шамшиеваға қатысты шын жүректен өкініш білдіруі және келтірілген зиянның орнын толтыруы, сондай-ақ әр сотталушының жасаған қылмыстарға қатысты рөлі мен дәрежесі де ескерілді, делінген сот хабарламасында.
Сот үкімімен Күлшіковке мемлекеттік және басқа ұйымдарда жетекші лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 7 жыл бас бостандығын шектеу түрінде жаза тағайындалды.
Диханбаев пен Чигитаева Қылмыстық кодекстің 63-бабы бойынша шартты түрде 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сонымен қатар, Ляззат Шамшиеваға қатысты сот ерекше мән-жайларды, атап айтқанда, шын жүректен өкініш білдіруін, келтірілген зиянның толық өтеуін, сондай-ақ қамқорлыққа мұқтаж қарт ата-анасының оған тәуелді болғандығын ескерді.
Осыған байланысты Шамшиеваға жасаған қылмысы үшін қарастырылған жазадан жеңілірек түрі тағайындалды. Сот оған 7 жылға бас бостандығын шектеу, мемлекеттік және басқа ұйымдарда жетекші лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыру жазасын тағайындады. Сот істің жоғарыда көрсетілген жағдайларын ескере отырып, ең төменгі жазаны тағайындады, - деп түсіндірді соттағылар.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.