Алматы облысында бала қаққан жүргізуші әлі бостандықта жүр
Алматы облысында бағдаршамның жасыл түсіне өтпек болған 14 жастағы жеткіншекті жүк көлігі қағып, мерт қылды. Темір тұлпардың тізгініндегі адам оқиға орнынан табанын жылтыратып тұрғысы келген. Қайта куәгерлер жан-жақтан қаумалап, оны ұстап, жүргізбей қойған. Кісіні мерт қылса да бұл адам қазір бостандықта жүрген болып шықты, деп хабарлайды zakon.kz "Еуразия" бірінші арнасына сілтеме жасап.
Марқұм жеткіншектің жақындары бой тасалап қашқан жүргізушінің сол кезде удай мас болғанын, бұрын полицияда жұмыс істегенін алға тартуда. Адамды мерт қылса да әлі күнге дейін күдіктінің бостандықта жүруін олар осымен байланыстырып, іштей қатты күйінеді. Сол себепті қаралы отбасы әділдік іздеп, көмек сұраqды. Күре жолдағы қайғылы жағдай 13 қазан күні болған. Сағат төрт-бестердің шамасында бағдаршамның жасыл түсіне жолдың қарсы бетіне өтпекші болған 14 жастағы жеткіншекті қатты жылдамдықпен келген жүк көлігі қаққан. Бірақ, жүргізуші тоқтамай жүрісін жалғастыра берген. Мұны көрген куәгерлер жапа-тармағай оның жолын жауып, тоқтатқан. Ал көлік тізгінінде отставкадағы полицей отырыпты. Сол сәтте одан арақтың иісі мүңкіп тұрыпты.
БАХТИЯР ТОХТАҚҰНОВ, МАРҚҰМНЫҢ ӘКЕСІ:
Көрініп тұр дейді, сау емес екені. Мас болған дейді оны. Қызметтік куәлігін көрсетіпті. Естуіміз бойынша, органның отставкадағы қызметкері екен, 59 жаста. Енді мен ойламадым да оны, кішкентай бала емес, ол қалай? Сау адам ондай істемейтін.
Рамазан үйіне уақтылы келмеген соң туған-туыстары достарына сұрау салғанымен, көрдік-білдік деген ешкімнен жауап болмаған. Амалсыздан полицейлерге қоңырау соққанда, жол апатынан бір баланың көз жұмғанын естіген. Мәйітханаға барған ата-ана марқұмның өз ұлдары екенін таныпты. Ал, баланың жаназасын шығарып жатқанда күдіктіні сот кепілмен босатып жіберген дейді. "Баламызды мерт қылып, бостандықта жүрген жүргізуші әділ жазасын алуы тиіс" деп жақындары шырылдап жүр.
ТОҚТИЯР ТОХТАҚҰНОВ, МАРҚҰМНЫҢ ТУЫСЫ:
Жеті күн өтті. Бірақ, әзірге ешқандай нәтиже жоқ. Жауаптылар әрекетсіз отыр. Апатқа кінәлі жүргізуші бостандықта жүр. Біз бұл іске қатысы бар азаматтың әділ жазалануын талап етеміз!
Ата-анасы көпшіл, оқуда озат болып, спортпен шұғылданған ұлдарынан мәңгіге айрылып қалғанына әлі де сене алар емес. Оның қыршын кеткені қабырғамызға әбден батады дейді. Ал, полиция департаменті бұл оқиғаға қатысты былай деп жауап берді.
АҚБОТА ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
- Жүргізуші күдікті ретінде танылып, уақытшы ұстау изоляторына тоғытылған. Алайда, 15 қазан күні тергеу сотының қаулысымен күдіктіге қатысты кепіл түрінде бұлтартпау шарасы қолданылды. Сезіктінің бойында алкогольдің болуы-болмауын анықтау мақсатында химия-таксикологиялық сараптама тағайындалды. Енді соның қорытындысын күтудеміз. Қазіргі уақытта барлық тергеу амалдары жүргізілуде.
Бұл Гүлдала ауылындағы мұндай бірінші жол апаты емес. "Негізгі трасса болғандықтан жүргізушілер жылдамдықты шамадан тыс асырады. Сондықтан жазатайым сәттер көп болады", - дейді тұрғындар. Қара жамылған отбасы келмеске кеткен балапандарының өліміне кінәлі болған жүргізуші жазадан сытылып кетпей, заңды түрде жазалансын деп отыр.